Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Оралда отандық алып «Сарбаз» кемесі суға түсірілді

AstanaTV
29.04.2016ж. 20:00
1927
Оралда отандық алып «Сарбаз» кемесі суға түсірілді

Бүгін әскери кемелер қатары жаңа көлікпен толықты. 250 тонна суды ығыстыра алатын «Сарбаз» әскери-артиллериялық кемесі Оралдағы «Зенит» зауытында жасалған. Ол шекарашылардың қолқанатына айналмақ. Бүгін ол салтанатты түрде Шаған өзеніне түсірілді. Қуатты қарулармен жарақтандырылған әскери су көлігі жайлы әріптесім Еркін Кариннің репортажында.

Ұзындығы 42 метр, ені 8 метрге жуықтайтын мына кемені айлаққа апарудың өзі оңай болмаған. Арнайы техника минутына 100 метр жүріп, алып кемені жарты күнде діттеген жерге жеткізді.

Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Тәуелсіздік алғалы бері 24-ші кемені суға түсіргелі тұрмыз. "Сарбаз" кемесінің су ығыстырымдылығы 250 тоннаға дейін. Техникасы жаңаланған. Барлық құрал-жабдықтары қазіргі заман талабына сай, осы үлкен жетістік деп санаймыз.

Кеме командирі Рустам Исмайылов 13 жылын теңізде өткізген. Бұл - оның екінші кемесі. Ол жаңа көліктің тілімен танысып, оның артықшылықтарын тексеріп көрді.

Рустам Исмайылов, кеме командирі:

Гидроакустикалық станса ешбір кемеде жоқ. Бұл корабльге осындай станса ең бірінші рет қойылды. Бұл станса су астындағы жағдайды зерттейді, суасты диверсанттары болуы мүмкін, соны қарайды. Үлкен кемені басқару арманым еді, сол арманым орындалды.

Сабыр Хасанов, ҚР ҰҚК шекара қызметі бас штабы бастығының орынбасары:

Осындай корабльдермен біздер биыл 20 шақты браконьер ұстадық, 2019 жылға дейін біздер тағы бір осындай кеме мен зымыранды катерге тапсырыс бермекпіз.

Жаңа көліктің тағы бір мүмкіндігі, ондағы жанармай сағатына 60 шақырым жылдамдықпен ашық теңізде 10 тәулік жүруге жетеді. 

Еркін Карин, тілші:

Сарбаз кемесінің қару-жарағы бұрынғыдан да күшейтілген. Енді қажет бола қалса, кеменің төрт бірдей нүктесінен атыс жүргізуге болады. Қос қапталда мынадай екі пулемет орналастырылса, кеменің құйрық тұсындағы мына пулемет іште отырған оператор арқылы басқарылады.

Қатты дауыл мен толқынға қарамастан, нысанаға дәл тигізетін үлкен калибрлі бұл пулеметтер Оралдағы қару-жарақ зауытында жасалыпты. Зауыт басшылары бұдан да үлкен кемелер жасауға қауқарлы екендерін айтады.

Вячеслав Валиев, «Оралдық «Зенит» зауыты» АҚ директоры:

Биыл үлкен тапсырыс аламыз деп жоспарлағанбыз. Бірақ экономикалық жағдайдың құбылуына байланысты бұл мерзім екі жылға кейінге шегерілді. Бірақ қарап отырмай, басқа тапсырыстармен айналысамыз. Ал негізі үлкен тапсырыстарға әзірміз.

Енді «Сарбаз» кемесі Жайық өзені арқылы Каспийге жол тартады. Ол шекара күзетіп, заңсыз балық аулағандарды ұстауға қызмет етпек. 

Еркін КАРИН