Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Оңтүстік Қазақстан облысындағы мыңға жуық отбасы өзге өңірге көшуге ниетті

AstanaTV
29.04.2016ж. 20:00
1965
Оңтүстік Қазақстан облысындағы мыңға жуық отбасы өзге өңірге көшуге ниетті

Оңтүстік Қазақстан облысының 2 мыңға жуық тұрғыны еліміздің өзге өңірлерін қоныс аударуға ниетті. Бұл осы өңірде үш күннен бері өтіп жатқан республикалық деңгейдегі жәрмеңкенің нәтижесі. Ал бүгін өткен жылдан бері өтініш берген 800-ден астам отбасының он алтысы Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аудармақ. Жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға оңтүстік тұрғындарын тарту жобасы қалай жүзеге асып жатыр? Айзада Төребекқызы баяндайды.

Солтүстік өңірге қоныс аударуға ниеттілердің бірі - Айгүл Ешаналиева. Сайрам ауданының тұрғыны отбасымен Петропавлға көшкелі отыр. Отбасылық тәрбиеші мамандығы бар Айгүл жекенің қолында отыз мың теңге жалақыға жұмыс істеп келгенін айтады. Күйеуіне де мұнда тұрақты жұмыс жоқ. 38 жастағы келіншектің айтуынша, жуырда отағасы екеуі Қызылжар ауданында болып қайтқан. Басыбайлы баспанасы жоқ бұл отбасы ақылдаса келе, жүктерін көлікке тиеп жіберіп те қойыпты. 

Айгүл Ешаналиева, ОҚО Сайрам ауданының тұрғыны:

Жалақысы орташа, оларда табыс - 80-90 мың, бізде орташа айлық табыс 30 мың, онда да жұмыс таба алмайсың, біріншіден. Екіншіден, оларда үй мәселесі. Үй тез береді екен, үйді таңдап алады екенсің, бес жылдан кейін өз атымызға аударылады екен. Жұмыс болып жатса, үй беріп жатса, үкімет жағдай жасап жатса, неге бізге бармасқа ол жаққа.

Шымкентте бүгін бос жұмыс орындарының ауқымды жәрмеңкесі өтті. Оған Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарының өкілдері арнайы қатысып, өздеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды.

Сәтжан Полатов, ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

Бірінші кезекте ауыл шаруашылық мамандықтары - зоотехник, механик, механизатор деген сияқты. Сонымен қатар екінші кезекте педагогикалық мамандықтар, сондай-ақ медициналық мамандықтар да бар. Тағы бір нәрсені ұғыну керек, ол жақта тек қана мамандықтың жетпеуі ғана емес, ол жақта еңбек күшінің жетпеуі. Ол жақта еңбек күші аз.

Жұмыс берушілер қоныс аударғандарға барлық жағдайды жасауға уәде етіп отыр. Кішкентайларды балабақшаға орналастырып, тіпті кепілсіз несие беруге де уәде беріп отыр.

Мағзұм Дүйселеков, СҚО Нежинка ауылдық округінің әкімі:

Келушілер, жазылушылар көп. Жазғанда, біз жәй жазып жатқан жоқпыз. Бәрі керек мамандар бізге. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, бізде облыс үлкен. Халық жетпей жатыр. Жұмысшы аз. Тұратын орны, бәрі дайын болады.

Бұған дейін мұндай жәрмеңке Мақтарал мен Сарыағаш аудандарында өткен. Жалпы, үш күн ішінде 2700 азамат қатысып, көрші облыстарға 906 отбасы қоныс аударуға ниет білдірген.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Айта кетейік, өткен жылы  Шығыc Қазақстан облысына  жиырма отбасы қоныс аударып, жұмыспен және үй-жаймен қамтамасыз етілген. Елу отбасының таңдауы Солтүстік Қазақстан облысына түскен еді. Ал, бүгін тағы 16 отбасы теріскейді бетке алды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ