$474.72 €515.17 ₽5.58
×

«EXPO-2017» көрмесі құрылысының 70% қазақстандықтар атқарады

AstanaTV
04.03.2014ж. 20:00
1083
«EXPO-2017» көрмесі құрылысының 70% қазақстандықтар атқарады

«EXPO-2017» көрмесі құрылысының 70%-зын қазақстандықтар атқарады. Болжам бойынша, құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам құрылысшы тартылмақ. Бұл туралы бүгін журналистерге Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров мәлімдеді.

«Құрылыс жалпы көлемі 175 гектар жерде жүргізілмек. Қазір елорданың климаттық ерекшеліктеріне байланысты құрылыс материалдарын реттеу мәселесі қолға алынуда. Қолданылатын материалдар халықаралық стандарттарға сай болады. Отандық шағын орта бизнесті қолдау мақсатында, еліміздегі құрылыс материалдарын шығарушы компаниялардың өнімі пайдаланылады», - деді Нұрлан Қаппаров.


Нұрлан Қаппаров, ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі:


Көрме құрылысы ең алдымен қазақстандық құрылыс компаниялары үшін маңызды болмақ. Шағын және орта бизнестің мүмкіншіліктері артады. Барлық құрылыс материалдары, бетон, цемент тағы басқа қажеттің бәрі отандық өндірушілерден максималды түрде сатып алынбақ. Бір сөзбен айтқанда, көрмеге отандық еңбек күшін жұмылдыруға баса мән беріледі.


Жалпы көрмеге миллиондаған шетелдік туристер келетіні белгілі. Осы ретте қонақтарға жасалатын жағдайдың барысы да сөз болды. Еліміздің өзге мемлекеттермен «визалық» қарым-қатынасын қарапайымдандыру ісі де кезек күттірмейді.


Нұрлан Қаппаров, ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі:


Сыртқы істер министрлігі «виза» мәселесін толықтай қолға алды. Елге келуші туристердің қарасы көп болары анық. Осы себепті қосымша авиа терминал мен тағы бір ірі теміржол станциясын салуды көздеп отырмыз.


Жұрағат БАМАН