$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жерге қатысты заң жобасы жанжалға арқау болды

AstanaTV
05.03.2014ж. 20:00
1198
Жерге қатысты заң жобасы жанжалға арқау болды

Жерге қатысты заң жобасы жанжалға арқау болды. Өңірлік даму министрлігі Сенаттың табиғат пайдалану комитетімен бірлесіп заң жобасын талқыламақ болған. Отырыс соңы күтпеген жерден дауға ұласты. Министрлік жобаға бірнеше жаңалық енгізбекші. Оған сай шаруашылыққа бөлінген жер телімін іске жаратпай, құр қаңыратып қойғандардың «қара тізімі» жарияланады. Тізімге іліккендер үш жыл бойы ұлтарақтай аумаққа да қол жеткізе алмайды. Алайда бұған сенаторлар қарсы. Мұны жер алуға зар болған қарапайым халық үшін тым қатаң заң деп есептейді. 


- Я вас не перебивал! -Никому не давайте оценку? Почему депутатам оценку даете. Сидит оценку дает.


Жер заңнамасын талқылау осындай жанжалмен басталды. Сенаторлар мен Өңірлік даму министрлігі өкілдері бір-бірінің айтқанын түсінбей, біраз сөзге келді. 


- Личное подсобное хозяйство беріңіз маған, мен үй салайын. Жәмішев: Сала беріңіз! - Ал сіз қарсы болып тұрсыз ғой. Жәмішев: Жоқ, сіз қарсы болып тұрсыз. Сіз түсінбей отырсыз. Салуға болады, бірақ тәртібімен.


Пікірталас қызған шақта сенаторлар жерге бөліне бастады. Заң халықтың тығыз орналасқанын ескермейтінін айтқан депутат Айтаханов оңтүстік өңірлер үшін бұл жоба жарамсыз деді. Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда өңірінің сенаторлары оңтүстікте жердің тапшы, ал теріскейде телімдердің текке жатқанын дәлелдеп бақты. Сондықтан оңтүстіктегі ағайынға шаруашылыққа арналған жерлерге үй салуға рұқсат беру керектігін алға тартты.


Ал министрлік өкілі тұрғындар жеке меншікке алған жерлерінде шаруашылықпен айналыспайды дейді. Керісінше адамдарға сатып, кейін телімнің жаңа иелері онда үй салып алатын көрінеді. Ал жоспарсыз баспаналар қаланың инфрақұрылымына кірмейді. Су-жылумен қамтамасыз ету де көзделмеген. Сондықтан министрлік ауылдың сыртынан жеке шаруашылыққа жер беруге тыйым салды. Ал ауыл ішінен жер алу қиындай түспек. 


Жобадағы тағы бір жаңалық: пайдаланылмай жатқан жер иелерінің «тізімін» жасау ұсынылды. Бұған іліккендер үш жылға дейін жер ала алмайды. Сонымен қатар шенеуніктер бос жатқан жерлерді күшпен тартып алудың тиімді тәсілін айтады. Жалға берілген, бірақ қолданыссыз жатқан жерлерді әкімдік жалдаушыдан сұрамай -ақ алып қоюға, яғни келісімді біржақты бұзуға құқылы болмақ. Банктерде кепілдікте тұрған жерлерге қатысты да өзгерістер бар. 


Қайырбек Өскенбаев, ҚР Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары:


Банктер кепілдікте тұрған жерлерді басқаруға құқылы болу керек. Мысалы, банкте бос тұрған жер телімдерін қаржы институттары шаруашылықпен айналысу үшін басқа адамдарға беру мүмкіндігіне ие болу керек.


Құжат келесі аптада мәжілісте қаралады. Әзірге өңірлік даму министрлігінің дерегі көңіл көншітпейді: шаруашылықтарға бөлінген жерлерді түгендеу кезінде 5 млн гектарды құрайтын 12 мың жер телімінің бос жатқаны анықталды. Игілікке аспаған аумақтың басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Ақмола мен Маңғыстау облыстарында. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды мен Қостанай облыстарында егістік алқаптар пайдаланылмай жатыр.


Әлия ӘШІМ