$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Көктемгі су тасқынынан елдің оңтүстік өңірлерінде қауіп жоғары

AstanaTV
06.03.2014ж. 20:00
1553
Көктемгі су тасқынынан елдің оңтүстік өңірлерінде қауіп жоғары

Көктемгі су тасқынынан қауіп жоғары. Әсіресе елдің оңтүстік өңірлерінде. Осыған орай Шымкентте Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко тасқынның алдын алу жұмыстарын пысықтады. Ал Шығыста қалың түскен қар қатер төндіріп тұр. Алапат су тасқыны қаупі жүзден астам елді мекенге төніп тұр.


«Қазгидромет» орталығы мамандарының болжамына сенсек, Қостанай, Ақтөбе облыстарында қар қалың, сондықтан су тасу қаупі жоғары. Оңтүстіктегі үш облыста алдағы демалыс күндері нөсер жауын жауып, арты қарға айналады. Табиғи апаттың алдын алуға 3,1 млрд теңге қаралып отыр. Ал Шығыс Қазақстан өңірінде екі жарым метрге дейін қар түскен. Өзен-көлдердегі мұз қалыңдығы бір метрге тақау. Жүзден астам елді мекенді су басу қаупі бар.


Заманауи технологияның жетістігі де, қауіптің алдын алуға бағытталмақ. Көліктерде орнатылған арнайы қондырғы жер серіктік антенналар арқылы елдегі ахуалды бақылауға қауқарлы.


Әлібек Длимов, ШҚО ТЖД басшысының орынбасары:


Бүгінгі таңда жағдай орынша. Барлық елді мекендерде алдын-алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 3 ауданда қар көшкіні қаупі бар. Біз оны арнайы құрылғы арқылы көріп отырмыз. Аягөз ауданында биыл қар жылдағыдан сексен үш пайызға артық.


Төтенше жағдайлар министрі, республика бойынша табиғи апаттың алдын-алу жұмыстарын күшейту қажеттігін қадап айтты. Өңір әкімдеріне қажетті қаржы бөлу жағын қарастыру қажеттігін ескертті.


Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:


Қостанай, Ақтөбе облыстары болмаса, қалған облыстарда айтарлықтай қауіп жоқ. Дегенмен де сақтықта қорлық жоқ. Алдын-алу шараларын күшейту қажет.


Министр барлық аймақ жіті назарда екенін ескертті. Айта кетейік, бүгін еліміз бойынша «Көктем-2014» оқу-жаттығу жұмыстары өтті. Шараға барлық өңір ат салысты. Төтенше жағдайлар саласының мамандары табиғаттың тосыннан келетін апатынан сақтасын деп тарқасты.

 

Қанат ОРАЛБЕК, Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ