Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ақтөбеде әйгілі Орынбор түбіт шәлілерінің көрмесі өтуде

AstanaTV
10.03.2014ж. 20:00
2241
Ақтөбеде әйгілі Орынбор түбіт шәлілерінің көрмесі өтуде

Ақтөбеде әйелдер мерекесіне орай әйгілі Орынбор түбіт шәлілерінің көрмесі өтуде. Жеңіл палантиндер, ерекше өрнекті орамалдар мен шәлілер нәзік жандыларды бей-жай қалдырмасы анық. Көрмеден оралған тілшіміз Мансұр Есқожин тақырыпты жалғастырады.


Орынбор орамалдарының ерекшелігін барлық әлем мойындаған. Ең алғаш 1857 жылы Париж халықаралық көрмесінде шетке шығарылған болатын. Орамалдар жүзіктің көзінен өтіп, алақандай сандықшаға сиятындығына қарамастан кез келген қыстың қаһарлы ауа-райында төтеп беретіндігі белгілі. Бүгінде бұл қолөнер туындылары сыйлық ретінде тарту ету сәнге айналған.


Орынбор орамалдарындағы өнер бірегей суреттер сынды әсер қалдырады. Жалпы, мұндай ерекше шәлілер туралы халық арасында аңыз-әңгімелер де аз емес. Ертеде Батыс Еуропа елдерінде Орынбор орамалының құны Қытайдың жібегінен кем түспеген. Ресей патшайымы екінші Екатерина да жоғары бағалаған көрінеді.


Алмагүл Сарыбай, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайы бөлім меңгерушісі:


Орынборлық қазак қызы Екатерина патшайымға әдемілеп осы орынбордың түбіт шәлісін тоқып, сыйға тартады. Керемет орамалға ол өте риза болады. Алтынға орап та қояды. Бірақ ол шеберді көзін көрмейтіндей соқыр етіп тастайды. Өйткені Екатерина патшайым орамалдың тек өзінде болуын қалайды.


Аңыздағы шебер бар өнерін қызына үйретіп үлгеріпті деседі. Бүгінде орынбордағы нәзік  жандылардың басым бөлігі шәлі тоқудың хас шебері. Ақтөбеде де бұл кәсіпті серік еткендер аз емес екен.


Бақытжан Айгижикова, Ақтөбе қ. тұрғыны:


Бұл көрмеге жыл сайын келемін. Өте қызықты. Жаңа өрнектер, көлемдері де әр түрлі. Мен өзім де бала күнімнен орамал тоқимын. Орынборда туып өстім. Ақтөбеге келгеніме 20 жыл болды.


Шара Ақтөбеде осымен 17-рет өткізілуде. Ресейдің нышанына айналған орамалдардың сұлулығымен қатар жылуы да көптің көңілінен шыққан. Көрме ай соңына дейін жалғасады. Бірақ өнер туындысын тамашалап келушілердің көбі сатып алуда. Сондықтан ерте аяқталуы мүмкін. Әсіресе ер азаматтардан сұраныс көп.


Мансұр ЕСҚОЖИН