Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Бірінші сәуірден бастап еңбек зейнетақысы 14 пайызға артады

AstanaTV
13.03.2014ж. 20:00
918
Бірінші сәуірден бастап еңбек зейнетақысы 14 пайызға артады

Бірінші сәуірден бастап еңбек зейнетақысы 14 пайызға артады. Ал базалық зейнетақы көлемі мен әлеуметтік төлемдер 12 пайызға көбейтіледі. Бұл тізімде мүгедек жандар, Семей сынақ полигонында ядролық жарылыстан зардап шеккендер бар. Әлеуметтік саладағы мұндай өзгерістерді бүгін Мәжіліс депутаттарына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова таныстырды.


Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:


Зейнеткерлердің саны 2 млн, мүгедектер және асыраушысынан айырылған азаматтардың саны қазір 650 мыңнан астам. Ал мына арнаулы жәрдемақыларды алып отырған азаматтардың саны 1 млн. Сонда жалпы әлеуметтік төлемдерді үстеме ақымен алатын азаматтардың саны 4 млн-нан асыр отыр. Сондықтан да осындай үлкен көлемдегі қаржы республикалық бюджеттен бөлініп жатыр.


Қазіргі таңда елімізде 1,9 миллион зейнеткер бар. Үстеме төлемге байланысты бюджеттен қосымша 40,6 миллиард теңге бөлу көзделген. Ал мүгедек жандарға арналған қосымша төлемдер беру шешімі- 650 мың жарымжан жанды қамтып отыр. Жәрдемақы берудегі өзгеріс балалы отбасылар мен жекелеген санаттарға жататын азаматтарға арналған.

Осылайша, 2014 жылға нақтыланған республикалық бюджеттен зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді арттыруға бас-аяғы 51,3 миллиард теңге бөлу көзделуде. Дегенмен, кейбір Мәжіліс депутаттары бұл салада шешілмеген мәселе көп дейді. Соның бірі - Отанына еңбегі сіңген жандардың елеусіз қалып жатқаны. «Ақ жол» фракциясының мүшесі Меруерт Қазбекова оларға төленетін жәрдемақы мөлшерінің тым аздығына наразы.


Меруерт Қазбекова, ҚР Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі:


Елімізде Отанына еңбегі сіңген небәрі 400-ге жуық адам қалды. Ерен ерлігі үшін енді оларға бар болғаны 1980 теңге жәрдемақы төлеп отырмыз, оның өзі - қосымша үстемақыны қосқанда шыққан сомма. Мен мұны әділетсіз, тіпті, қорлық деп түсінемін. "Отанына еңбегі сіңген" деген атақтың өзі бұл бөлінген қаражаттан биік сөз!


Сымбат МОЛДАТАЙ