Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

АҚШ-тың Майами қаласында теннистен халықаралық турнир басталды

AstanaTV
20.03.2014ж. 20:00
804
АҚШ-тың Майами қаласында теннистен халықаралық турнир басталды

АҚШ-тың Майами қаласында теннистен халықаралық турнир басталды. Екі апта бойы әлемнің үздік спортшылары кортқа шығып, бас жүлдені сарапқа салады. Дәрежелі жарыста Қазақстанның намысын қорғайтын Михаил Кукушкин бірінші кезеңде Тайвань спортшысы Лу Ен Хсуньмен сынға түседі.


Чехия спортшысы Радек Штепанек АҚШ-та өтіп жатқан «Мастерс» турнирінің екінші айналымына жолдама алды. Бірінші кезеңде Штепанек Германия теннисшісі Даниэль Брандспен кортқа шықты. Кездесу басынан бірқалыпты өнер көрсетіп, қателікке бой алдырмаған Чехия теннисшісі бірінші сетте 6-3 есебімен алға шықты. Үзілістен кейін алған бетінен қайтпаған чехиялық ұпай санын арттырды. Өз кезегінде жиі қателесіп, қарсыласының қарқынына төтеп бере алмаған Германия спортшысы екінші сетте 6-0 есебімен ойсырай ұтылды.

Келесі ойында Кипр теннисшісі Маркос Багдатис Колумбия спортшысы Сантьяго Жиралдомен ракетка түйістірді. Бірінші сетте алаңда сылбыр қимылдаған Багадатис 6-1 есебімен ұтылды. Бұл сәтсіздігіне қарамастан тез жиналған Кипр теннисшісі үзілістен кейін таразы басын теңестірді. Шешуші сетте тартысты өтті. Екі спортшы да аянып қалмады. Тек жауапты сәтте қателікке бой алдырмаған Маркос Багдатис жасындай жарқырап, кездесуді өз пайдасына шешті.




Футболдан Голландия чемпионатының кезекті тур ойындары мәресіне жетті. Бұл сынға «Витес» клубына қоанаққа барған «ПСВ» командасы үш ұпайды олжалады. Бұл ойындағы алғашқы голды қонақтар Юрген Локадияның көмегімен қақпашысының дөрекі қателігінен кейін соқты. Қарымта шабуылға шыққан алаң иелері араға 11 минут салып, таразы басын теңестірді. Алыстан мықты соққы жасаған Закария Лабьяд мүлт кетпеді. Дегенмен, жасымаған «ПСВ» футболшылары ұрымтал сәттің бірінде «Витес» клубының қақпасына екінші голды соқты. Бұл сәтте Депай дер кезінде өз орнынан табылды.


Самат ҚАНАҒАТОВ