$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Атырауда шетелдік компаниялардағы отандық қызмет пен тауар үлесі талқыланды

AstanaTV
04.05.2016ж. 20:00
1859
Атырауда шетелдік компаниялардағы отандық қызмет пен тауар үлесі талқыланды

Жер қойнауын пайдаланушы бірқатар компаниялар тауар мен қызмет көрсетуде қазақстандық үлесті арттыруға құлықсыз. Бұл туралы Атырауда өткен «Мұнайгазсервис - 2016» конференциясында айтылды. Павлодарлық серіктестіктің өкілі Илья Лобашевскийдің пікірінше, Теңізшевроил компаниясы Қазақстанда болат құбырлар өндіретін зауыт бар екенін біле тұра, тауарды шетелден алдыратын көрінеді.

Илья Лобашевский, Павлодар қаласы «KSP STEEL» ЖШС бас директорының орынбасары:

Теңізшевроилдың отандық үлесті арттыру туралы берген ақпараты шындыққа жанаспайды. Бізде тиісті сертификат бар. Олар қажетті құбырды жасай алмайсыздар, дейді. Бұған дейін ТШО-ға 2,5 тонна құбыр жібердік. Бірақ олар ақауы бар дейді. Осы жиынға энергетика министрлігінің өкілдері қатысып отыр. Аталған мәселені бақылауға алуды сұраймын.

Қазақстанда былтыр мұнай-газ сервистік компаниялардың жұмыстары 25 пайызға азайған. Бұл мұнай бағасы барреліне 51 доллар болған кездегі жағдай. Ал биылғы жыл басынан бері  саладағы ахуал тіпті күрделі. Сервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, проблема шаш етектен. Әсіресе сервистік компаниялардағы қаржының жеткіліксіздігі көп нәрсеге қолбайлау болуда. 

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ