$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атырауда «қарулы жиһад» идеологиясын ұстанған ерлі-зайыпты сотталды

AstanaTV
07.04.2014ж. 13:00
957
Атырауда «қарулы жиһад» идеологиясын ұстанған ерлі-зайыпты сотталды

Атырауда діни ұстанымдарына балаларын көндіріп, оларды мектепке жібермеген ата-анаға қатысты сот үкім шығарды. Балалардың білім алуына тыйым салған ата-ана жазаны түрмеде өтейтін болды.

Естеріңізде болса, Құлсары қаласында тұратын ерлі-зайыптылар «білім алуды дінге қайшы» деп санап, 8, 6 және 4 сыныпта оқитын балаларын мектепке жібермей қойған, ал 7 жасар баласын бірінші сыныпқа бермеген.

Облыстық соттың деректеріне сенсек, олар «қарулы жиһад» идеологиясын ұстанған. Отбасылық жұп туысының ықпалымен Сирияға кетуге дайындалыпты. Өздерімен бірге алты баласының да төлқұжатын көші-қон полициясында рәсімдеген.

Экстремисттік сайттарды қарап, қару-жарақтардың техникалық сипаттамасымен танысқан, балаларына үнемі «қарулы жиһад» идеясын үгіттеген. Кәмелетке жасы толмаған балаларына экстремизмді насихаттағаны үшін ата-анаға Қылмыстық кодекстің 233-бабының 1-бөлімі, яғни «Террористтік, не экстремисттік қызметті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып-көндіру немесе дайындау, не қаруландыру айыбы» бойынша іс қозғалған болатын. Сот процесі жабық өтті. Ал, балалар мемлекет қамқорлығына берілген.

Боранбай Ғалиев, Атырау облысы сотының баспасөз хатшысы:

Сотта ерлі-зайыптылардың кінәлары толықтай дәлелденіп, балалардың әкесіне бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жұбайы да аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, тағайындалған жазаны өтеуді балаларының үлкені кәмелетке толғанға дейін қалдырылды.

Балалардың анасы, тұңғышы кәмелетке толған соң 3 жыл абақтыға жабылатын болды. Казір сот үкіміне келіспеген отағасы аппеляциялық шағым түсіріп үлгерген.

Базаргүл ІЗІМОВА