$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрін қабылдады

AstanaTV
07.04.2014ж. 20:00
1123
Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрін қабылдады

Білім саласын дамытуға қазынадан биыл 1,5 триллион теңге бөлінді. Алайда үш ауысымда оқытатын және апатты жағдайдағы білім ошақтары жетіп артылады. Білім және ғылым министрін қабылдаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев саладағы күрмеулі мәселелерге тоқталды.

Мемлекет басшысы жергілікті жерлерде ірі компаниялар демеуші ретінде бөлетін қомақты қаржының ұқсатылмай жатқанына да тоқталды. Мектептері әбден ескірген Шығыс Қазақстанда 1,5 миллиард теңге "Бокс сарайын" салуға жұмсалған. Ал 48 апатты мектебі бар Оңтүстікте 500 миллион теңге "Салтанат сарайы" құрылысына кетіпті. Тозып тұрған 25 мектебі бар Қызылордада 1 миллиард 300 миллион теңге "Мұз айдынын" соғуға бөлінген. Президент заманауи мектептермен қамтудың маңыздылығын ескертті.

Сондай-ақ автономды университет ұғымын "бөліп ал да, билей бермен" шатастырып жүрген ректорларды жөнге салуды тапсырды.

Автономды болу оқу бағдарламаларына, біліктілікті арттыру мәселелеріне, білім сапасына, тәжірибелі оқытушы-профессорлық құрамды тартуға қатысты. Алайда кейбіреулер автономдылықты жоғары оқу орнының дербестігі, ректорларының өзгермейтіндігі, одан әрі жекешеленуі деп түсінуде. Сондықтан жоғары оқу орындарының автономды болуының мақсаты, міндеттері және шарттарына қатысты нақты бағдарды айқындап берген жөн. Апатты мектептер бар. Үш ауысымды мектептер бар. Соларды шешудің орнына әр нәрсені жасайды. Қаржыны үнемдеп, сонда жіберу қажет.

Сондай-ақ, елбасы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қабылдады. Кездесуде Ұлттық мұражайды ашу мәселелері, ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне дайындықтың мәдени аспектілеріне және министрлік қызметінің басты бағыттарына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азаматтық қоғаммен ынтымақтасу, мемлекеттік тіл үйрететін аккредиттелген орталықтар желісін құруды жалғастыру қажет. Әлеуметтік тапсырыстар аясында барлық шығармашылық одақтармен, Қазақстан халқы Ассамблеясымен, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен, «Болашақ» бағдарламасымен жұмысты жандандыру керек. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ