$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Бауыржан Байбек: Журналистер ізгілік пен бірліктің жаршысына айналуы тиіс

AstanaTV
11.04.2014ж. 20:00
1667
Бауыржан Байбек: Журналистер ізгілік пен бірліктің жаршысына айналуы тиіс

Журналистер ізгілік пен бірліктің жаршысына айналуы тиіс. Бүгін "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Нұр-Медиа» холдингі құрамындағы басылымдар мен электронды ақпарат құралдарының бас редакторларымен кездесуде осыны айтты. Басқосуда талқыланған тақырып та, айтылған әңгіме де ауқымды болды.

Бауыржан Байбектің бас редакторлармен кездесуі құттықтаудан басталды. Биыл ақпарат майданында ұзақ жылдар бойы халыққа қызмет еткен «NS» радиосы мен "Түркістан" басылымына 20 жыл толып отыр. Сондай-ақ "Айқын", "Литер" газеттерінің халықтың көзаймына айналғанына 10 жыл.

Келелі жиында Бауыржан Байбек баспасөз басшыларымен "Қазақстан-2050" стратегиясы аясында бірлесе атқарылатын бағыттарды талқылады. Елдің тұтастығы мен ауызбіршілігін арттыру мақсатында қызмет етуді ұсынды.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Біздің активтеріміз елге танымал. Жалпы Елбасының саясатын жүргізіп, халыққа қызықты материалдарды беріп, сана сезімді өзгертіп, күрделі мәселелерді түсіндіріп келе жатыр. Дегенмен, заман оңай емес. Сол себепті билеуші партия үлкен партия болған соң, біз тұңғыш рет өзіміздің доктринамызды жауапкершілігіміз туралы айттық, бұрын олай болмайтын.

Жиналыста ақпарат сапасы туралы да сөз болды. «Нұр-Медиа» холдингіне қарасты бұқаралық ақпарат құралдары ұшқыр да, анық дерек көзі болуы тиіс. Яғни басылым беттеріндегі мақалалар, қазақ тілді сайттарда жарияланған жазбалар, бүгінгі күннің қызу тіршілігін бейнелеуі тиіс. Сондай-ақ партия атқарған елеулі істер де назардан тыс қалмауы керек. Бұдан бөлек, холдингке қарасты сайттардың аясын кеңейтіп, ғаламтордың қазақы контентін қалыптастыру да басты міндеттеме екені айтылды.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бүгінде ғаламтордың маңызы зор. «Нұр Отан» партиясы электронды партия жобасын іске асырды. Ғаламтор арқылы халық өзінің пікірлерімен, ойларымен бөлісе алады. Интернет барлық жерде қолжетімді. Сол арқылы кез-келген адам да біздің партияға қолы жетімді. Бұл біз үшін өте маңызды.

Ал «Нұр-Медиа» холдингінің бас директоры Болат Берсебаев жақын болашаққа жасалған жоспарларымен бөлісті.

Болат Берсебаев, «Нұр-Медиа» холдингінің бас директоры:

Ең басты атқарар ісіміз, әрине, ол «Нұр Отан» партиясына ақпараттық қолдау көрсету. Екіншісі, біздің холдингке қарасты бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Одан кейін қоғамдық ойды қалыптасыру үшін қызмет етеміз.

Бүгін де «Нұр-Медиа» холдингінің құрамына «Литер», Айқын» және «Түркістан» басылымдары, «NS», «Орда FM» радиолары, сондай-ақ «Астана» телеарнасы мен бірнеше ақпараттық сайттар кіреді. Холдингтің бұқаралық ақпарат құралдары өзіндік эксклюзивтік контентімен және кең аудиториясымен ерекшеленеді.

«Астана» теларнасынын аудиториясы былтыр екі жарым есеге ұлғайды. Сарапшылар арнаны еліміздің теленарығындағы ең қарқынды дамып жатқан арна ретінде бағалап отыр. Холдингтің активіне жуырда аты аңызға айналған сатиралық «Ара» журналы қосылды. Басылымның бағыты жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықпен күрес болмақ.

Досжан МАРАТҰЛЫ