$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Өскеменде 102 автобустың жартысы жолға шықпады

AstanaTV
14.04.2014ж. 20:00
1281
Өскеменде 102 автобустың жартысы жолға шықпады

Бүгін өскемендіктер жұмыстарына кешігіп қалды. Себебі қаладағы автобустар дұрыс қатынамады. Жолаушы тасымалдаушы фирмалардың бірі тасымал бағыттарына көліктердің тек жартысын шығарған. Күндегі қызмет көрсететін 102 автобустың небәрі елуі жолаушы тасымалдады.

Халықты тасымалдаудан бас тартқан жүргізушілер осылайша жол жүру құнын 60 теңгеден 80 теңгеге дейін көтеруді талап етті. Қоғамдық көлік қызметін ұйымдастырушы фирмалар бұл талаптарын жыл басында да айтқан болатын. Дегенмен жергілікті билік ол кезде жол жүру құнын көтеруден бас тартқан.

Евгений Клейн, «Рост» ЖШС басшысының орынбасары:

Бүгінгі таңда тек біз емес, Өскемендегі өзге де жолаушы тасымалдаушылар жұмысшыларына уақытылы жалақы төлей алатын халде емес. Жол жүру құны небәрі 60 теңге, ол еш шығынды ақтамайды.

Тасымалдаушылар болса тез арада жол жүру құны қымбаттамаса, қала бойынша ешбір автобус қатынамайды деп белді бекем буып отыр. Жергілікті билік жағдайды реттейміз деп сендірді. Енді мәселе қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында 18 сәуірде қаралмақ. 

Жандос Байырханов, Өскемен қалалық ТҮКШ жолаушы тасымалдау бөлімінің басшысы:

Біз бұл мәселені облыстық сессияда қарастырамыз. Себебі баға мәслихат отырысында бекітілген. Ал оған дейін тасымалдаушылармен сөйлесіп, шыдамға шақырамыз.

Қанат ОРАЛБЕК 

Алдыңғы жаңалық