"Шенеуніктер жұмсақ орынтағын бір күнге мүгедек арбасына
алмастырсын." Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева бүгін
осындай өзгеше ұсыныс тастады. Ол "жоғарыдағылар жырға айналған пандустар
мәселесін басына түспесе, ешқашан шешпейді" деген пікірде. Ал министр
Тамара Дүйсенова мүгедектердің жанын түсіну үшін, бір кездері сау аяғына протез
де киіп көргенін айтып ақталды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі қызу
талқыға түскен жиыннан Мөлдір Бақытқызы баяндайды.
Бүгін Үкімет сағаты алғаш рет Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өтті.
Тақырып - вице-спикер бұрыннын қаузап жүрген мүгедектер мәселесі. Инклюзивті
білім беру жүйесін енгізу, яғни мүгедектерге қалыпты ортада білім алуға жағдай
жасау, содан соң жұмыспен қамтуды айтпағанда, осыларға қатысы бар мекемелер
тікелей мағынада жарымжан жандарды «табалдырықтан аттатпай» отыр.
Алдымен ең
қарапайым пандустар мәселесін шешіп алмай, өзгесін айтудың өзі ерсі. "Биылдан
бастап мұндай өткелсіз құрылыс жобалары мүлдем қабылданбайды", - деп күмілжиді
жауапты мекемедегілер.
Қазақстанда тұрғылықты халықтың 3,5 пайызы мүгедек санатында. Соңғы үш
жылда жүріп-тұруға қажетті 17 мың арба сатып алуға бір миллиардтан астам теңге
жұмсалған. Құрылғының қолданыс мерзімі 4-7 жыл аралығында. Алайда қытайлық өнім
ерте қирап қалады. Депутаттар осы арбаның өзін Қазақстанда өндіріске шығару
қажеттігін алға тартты.
Отандық арбалар өндіріске шыққан жағдайда, оған алдымен шенеуніктер жайғасуы
мүмкін. Өйткені вице-спикер: "Бастықтар жайлы жұмсақ орындықтарын бір күнге
мүгедек арбасына алмастырсын, жанына батса, мәселені шешуге білек сыбана кіріседі", - деген пікір айтты.
Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі кемтар-кембағалдардың жанын бір
кісідей түсінетінін, тіпті олардың "кебін кигенін" айтып ақталды.
Ал депутат Гүлжан Қарақұсова ізбасары ретінде министрге жұмсақ мінезін
өзгертуге кеңес берді. Әлеуметтік салада қордаланып қалған проблеманы байыппен
шешу, ендігі жерде мүмкін емес деп ойласа керек.
Осылайша эмоцияға берілген Гүлжан Қарақұсова өзге қалаларға үлгі болуы
тиіс Астанадағы ахуалды реттеу үшін, әкімге де құлаққағыс жасады.
Мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заңға өзгерту енгізу енді Мәжілісте талқыланады. Жобада қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандар шеттетілсе,
тиісті жағдай жасалмаса, жауаптыларды Әкімшілік жазаға тарту қаралған. Әзірге он
немесе жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл белгіленіп отыр.
Заңның әрі қарайғы тағдыры депутаттар еншісінде.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ