Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Павлодарда жарақат алған студенттердің жағдайы жақсарды

AstanaTV
24.04.2014ж. 13:00
969
Павлодарда жарақат алған студенттердің жағдайы жақсарды

Тепловозға соқтығысқан шағын автобустағы студенттердің жағдайы қалыпты. Ақсу қаласындағы дәрігерлердің айтуынша, екі науқас амбулаториялық емдеуге жіберілген. Олар енді тұрғылықты жері бойынша, травмотолог пен невропатолог дәрігерлердің қарауында болмақ. Қалған екеуі ауруханада қалып, әлі де ем қабылдауда.

Ермек Бектұров, Ақсу қалалық ауруханасының бас дәрігері:

Қазіргі бақылауда екі науқас қалды. Олар травматология бөлімшесінде қаралып жатыр. Реанимациядан оларды ауыстырдық. Қазір ем алып жатыр. Алда тосатыны операция қалды. Сүйектеріне операция жасау керек. Жағдайы балалардың тұрақты.

Сәуірдің 15-і күні темір жол көлігіне «Форд» автобусы соқтығысып қалған болатын. Шағын автобуста 9 жолаушы, оның сегізі - Ақсу қаласындағы кәсіби колледждің студенттері. Жеткіншектер Ақсу ферроқорытпа зауытында тәжірибеден өтіп, үйлеріне қайтып бара жатқан. Оқыс оқиға орнында алынған жарақаттан бір студент көз жұмды. Қалған сегіз адам ауруханаға жеткізілді. Алайда, араға бірер күн салып, үш бала қаза тапты. Дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, алған жарақаттары ауыр болғанын айтты.

Алдын ала болжам бойынша, жол апатына шағын автобустың жүргізушісі кінәлі болуы мүмкін. Ол теміржол өткеліндегі тепловозды байқамай қалған. Десе де, өткел маңында барлық қажетті белгілер қойылғаны анықталды. Автобус жүргізушісі де ауруханадан шықты. «Ол уақытша қамау изоляторына қамалды», - дейді жергілікті полиция қызметкерлері.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ