$489.36 €533.45 ₽4.99
×

Партия жетекшілері де өз учаскелерінде дауыс берді

AstanaTV
20.03.2016ж. 17:00
1892
Партия жетекшілері де өз учаскелерінде дауыс берді

Бүгін алты бірдей партияның жетекшілері де өз учаскелеріне барып көппен бірге дауыс берді. Барлығының көңілдері көтеріңкі, 7 пайыздық межені бағындыруға үмітті. Дегенмен, сайлаушылардың дауысы шешеді дейді. Асқар Мырзахметов Астанадағы  №16 учаскеде кезегін күтіп, өз таңдауын жасады.

Ал «Ақ жол» партиясының төрағасы саяси науқанға бала-шағасын ерте келіпті. Ел тұрғындарын Әз Наурызбен құттықтауды да ұмытқан жоқ. 

Азат Перуашев, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы төрағасы:

Әрбір партия үшін сайлау емтихан секілді. Біз өткен жолы сайлаушыларға берген уәдімізді орындадық па, орындамадық па, қаншалықты сайлаушыларымыздың көңілінен шықтық деген сұрақтарға жауап беріп отырмыз.

66 учаске сайлаушыларды ән шашумен қарсы алып жатты. «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев қазақ елі осы жолғы сайлауда ел болашағына дауыс береді деп есептейді.

Әли Бектаев, «Ауыл» ХДПП төрағасы:

Бұл сайлау өзгеше, басталып жатқан реформалардың орындалуына, соны іске асыруға тікелей қатысы бар. Ертең біздің сайланатын депутаттарымыз соның аумағында соның төңірегінде жұмыс істейтін болады.

Ал коммунистердің төрағасы сайлауалды дода кезінде партияның беделі артқанына сенімді. Өйткені электоратпен тыңғылықты жұмыс істегендерін айтады.

Владислав Косарев, Қазақстан халықтық коммунистер партиясының төрағасы:

Мен ерекше атап айтқым келеді, маған өте көп қоңыраулар келіп түсті. Қарапайым азаматтар, бізден қандай көмек керек, деп сұрап жатыр. Бұл дегеніңіз 2012-ші жылға қарағанда партияның беделінің өскенін байқатады.

Алматыдағы 372 сайлау учаскесіне жалпыұлттық социал-демократтардың жетекшісі Жармахан Тұяқбай жұбайымен келіп өз таңдауларын жасады. Ол халық бұл сайлауда өзгеріске дауыс беруі тиіс деп есептейді.

Жармахан Тұяқбай, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы:

Бұл сайлауда ЖСДП өткізген кездесулердің барлығы елдің конституциялық заңына сай өтті. Халықты өзгерістер керектігіне үндедік. 7%-дық межені бағындыруға ешбір кедергі жоқ деп білемін.

Саясат сахнасында «жас» ұйымдардың бірі болғанмен, «Бірлік» те 7 пайыздық межені бағындыруға үмітті.

Серік Сұлтанғали, «Бірлік» саяси партиясының төрағасы:

Көңіл-күй жақсы. Сайлау деген мейрам ғой. Қай партия жеңсе де, барлық партиялардың жоспары - еліміздің тыныштығы, бала-шағамыздың болашағы. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ