Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Өрттен зардап шеккен көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары баспаналарына оралды

AstanaTV
11.05.2016ж. 20:00
1696
Өрттен зардап шеккен көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары баспаналарына оралды

Алматыда өртке оранған көпқабатты тұрғын үйді қалпына келтіруді «Дастархан» супермаркеттер желісінің ұжымы өз мойнына алды. Бұл туралы аталған сауда орталығының атқарушы директоры Алексей Калашников айтты. Жалын 23 пәтерді шарпыған. Оқиға орнына қазір 150 құрылысшы жұмылдырылыпты. Қалпына келтіру жұмыстарының барысын бақылаған әріптесім тақырыпты толықтырады.

Кеше таңғы 5-тер шамасында тілсіз жау дәл осы дәмханадан тұтанған. Айналаға лезде тараған өрт іргелес жатқан  жеті қабатты үйді де шарпып, 23 пәтерге нұқсан келтірді. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жаумен екі сағат алысып жүріп, сөндірген. Абырой болғанда, өлім-жітім болған жоқ. 120 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, түтіннен уланған бір адам ауруханаға жеткізілді.  Жалпы қызыл жалын 1100 шаршы метр аумақты қамтыды.

Тілсіз жаудан Мұсабек Есболатовтың екі пәтері зардап шекті. Өзі тұрмаса да, жалға беріп нәпақа тауып отырған ол, кешеден бері дүниесі жанып кеткен үйдің күлін тазалап әлек. Айтуынша, бұған  дейін жергілікті тұрғындар бірінші қабатта орналасқан дәмхана ұжымына өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтауды ескерткен. Алайда құлақ аспады дейді.

Мұсабек Есболатов, Алматы қаласы тұрғыны:

Жүгірген бойы квартирама келсем, квартирам бір шетінен жанып жатыр сырт жағынан. Бәрін ашып көрдік, жанып жатыр екен. Тұрғынымның документін алуға кірдік пожарныймен бірге. Екеуміз алысып жүріп документін  алдық.  Ілгеріде осындағы тұрғындар қанша айтқанбыз, мынау кафені құрту керек деп. Содан шешім шықпағаннан кейін соның кесірінен мына жердегі біз сияқты халықтар зардап шегіп жатыр. Сақтандырылмаған сақтандыруға үлгермедік.

Өрт шыққан дәмхана иесі, «Дастархан» супермаркеттер желісінің атқарушы директоры тұрғындарға келтірілген шығынды толығымен өтеуді өз мойнына алды.

Алексей Калашников, «Дастархан» супермаркеттер желісінің атқарушы директоры:

Қазір көмекке келген құрылысшылар жөндеу жұмыстарына қанша материал кететінін есептеп жатыр. Ертеңнен бастап түбегейлі жөндеу ісіне кірісеміз. Қоқыстарды бүгін шығардық. Барлық шығынды өз мойнымызға аламыз. Тіпті тұрғындармен бір келісімге келіп, жанып кеткен жиһаздардың да құнын өтеп беретін болдық. Әзірге шығынның нақты көлемі белгіленген жоқ.

Қазір оқиға орнында 150 құрылысшысы жұмыс істеп жатыр. Сыртқы келбеті мен баспалдақтарды күйеден тазалау жұмыстарына да 30 техника мен жұмысшылар жұмылдырылған. Түс ауа тұрғын үйлерге көгілдір отын мен су беріліп, жанып кеткен электр кабельдері қайта іске қосылды.

Серік Әділбаев, Алматы қаласы Алмалы ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Бүгінгі күнге подъездің ішінде жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. 150 жұмыскер жұмылдырылды. Палаткалар орнатып,  тамақтандырумен және әлеуметтік жұмыскерлер жұмыс істеп көтектесіп жатыр. Үйі өртеніп кеткендер қонып жатқаны жоқ, туысқандарының үйінде және біздің тарапымыздан қонақжай берілді, сонда тұрып жатыр.

Алдан ала болжамдарға сенсек, 1100  шаршы метр аумақты шарпыған өртке дәмханадағы электр желілерінің тұйықталуы себеп болған. Бірақ төтенше жағдайға нақты не себеп болғанын арнайы сараптама анықтамақ. Ал мегаполис басшысы тұрғын үйге жапсарлас салынған заңсыз жазғы дәмханаларды сүруді тапсырды. 

Айгүл ЕРМАХАН