Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Қазақстандық теннисші Андрей Голубев Мадрид қаласындағы халықаралық жарыстан шығып қалды

AstanaTV
07.05.2014ж. 13:00
1082
Қазақстандық теннисші Андрей Голубев Мадрид қаласындағы халықаралық жарыстан шығып қалды

Қазақстан теннисшісі Андрей Голубев Мадрид қаласында өтіп жатқан жарыстан шығып қалды. Бірінші айналымда Испания спортшысы Николас Альмагромен кортқа шыққан отандасымыз екі сетте есе жіберді.

Испания астанасы Мадрид қаласында теннистен «Мастерс» турнирі жалғасуда. Табиғи төсеніштің хас шебері Давид Ферер үшінші кезеңге жолдама алды. Екінші айналымда Испания теннисшісі отандасы Альберт Рамоспен кортқа шықты. Бірінші сетте жеңімпаз тек тай-брейкте анықталды. Жауапты сәтте жұдырықтай жұмылған Ферер үздік шықты. Үзілістен кейін де спортшылар бір-біріне дес бермеді. Дегенмен, қарсыласының атақ-даңқына қарамастан табандылығымен танылған Альберт Рамос таразы басын теңестіріп кетті.

Екі сет барысында жеңімпазды анықтай алмаған спортшылар үшінші сетте бақ сынады. Бұл аралықта қателікке бой алдырмай, сауатты ойнаған Ферер ұпай санын түгендеді. Өз кезегінде жиі қателесіп, қарсыласының қарқынына төтеп бере алмаған Рамос аяғы жеңілісін мойындады.

Соңғы уақытта бабында жүрген Жапония спортшысы Кеи Нисикори жанкүйерлерін қуантты. Бірінші кезеңнен сүрінбей өткен Күн Шығыс елінің өкілі екінші айналымда жарыс иесі Гилермо Гарсия Лопесті екі сетте 6:3, 6:1 есебімен айналып өтті.

Самат ҚАНАҒАТОВ