Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Посткеңестік елдердің білікті теміржолшылары Астанада бас қосты

AstanaTV
06.05.2014ж. 20:00
1152
Посткеңестік елдердің білікті теміржолшылары Астанада бас қосты

Посткеңестік елдердің білікті теміржолшылары Астанада бас қосты. Достастық елдері мен Иран, Финляндия және Болгария темір жол көлігі кеңесінің 60-шы жиынында ауқымды мәселелер талқыланды. Айта кетерлігі, бұл 1992 жылы құрылған алғашқы интеграциялық бірлестік. Ал оның мерейтойлық отырысы қазақ жерінде өтіп жатқаны Қазақстан темір жолдарының әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Жиынға 18 елдің теміржол саласының басшылары мен сарапшылары келді.

Мамандар саралаған мәселелер қатарында жүк тасымалын арттыру, халықаралық контейнерлік бағдарларды жасақтау, жүк вагондары паркін басқару мен пайдаланудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру жайы бар. Осы ретте Қазақстанда алға жылжушылық жоқ емес. Әсіресе темір жол транзиті даму үстінде. Өткен жылы оның көлемі 16 млн тоннаны құраса, биыл 20 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.

Юрий Лавриненко, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ ҰК президентінің кеңесшісі:

Бізде екі халықарылық өткел бар. Оның бірі Достық 17 млн тоннаны өткізіп отыр. Алайда мүмкіндігі 25 млн тонна өткізуге жетеді. Алтын көл өткелі арқылы әуелі 15 млн тонна жіберуді көздеп отырмыз. Одан соң 20-25 млн тоннаға арттырамыз. Ол контейнерлік жүктерге арналған. Сөйтіп 40-50 тоннаны өткізуге мүмкіндік аламыз.

Қазақстан темір жолының атқарып жатқан жұмысына шетелдік мамандар да жоғары баға берді. Және елімізбен арадағы ынтымақтастық нығайып, тауар тасымалының артқанын да айтады.

Угис Магонис «Латвия темір жолдарының»президенті:

Қазақстан темір жолдары өте сенімді серіктес. Мен мұны өзімнің тоғыз жылдық тәжірибеме сүйене отырып айтып тұрмын. Жаңа жолдар төселіп дамып жатқаны байқалады. Мұны жоғары бағалаймын.

Мамука Бахтадзе, «Грузия темір жолдары» АҚ президенті:

Қазақстанмен арадағы тасымал артып келеді. Биыл мұнай өнімдері бойынша әсіресе мазут жағынан тауар тасымалы артады деп күтіп отырмыз.

Теміржолшылар тасымал тарифін де қозғап өтті. Мақсат, бағаны өсірмеу,- дейді олар

Петр Кучеренко, достастық елдері теміржол көлігі бойынша кеңес дирекциясының төрағасы:

Халықаралық жолдарда болсын, ішкі бағытта болсын жол ақысы төмендейді деп бірден айту қиын. Дегенмен басшылар мен кеңес төрағасы Якунин алдымызға нақты тапсырма қойды. Ол тарифтердің көтерілуіне жол бермеу.

Дегенмен темір жолшылар жүк тасымалы ауқымының төмендеп кеткеніне алаңдаулы. 2013 жылы 2 млрд тонна жүк тасмалданған. Бұл 2012 жылғы көрсеткіштен әлдеқайда төмен. "Сондықтан Кеден одағы аясында біріккен көлік-логистика компаниясын құру жайы өзекті болып тұр", - дейді мамандар.

Айгүл ӘДЕПБАЙ