Рудный қаласында үш апта бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен 7 жастағы қыз әлі табылған жоқ. Бірақ Виктория Ганяны іздестіру шаралары жалғасуда.
Полицейлер таратқан ақпарға сәйкес, 24 сәуір күні кешкі сағат алтының кезінде Лисаков қаласына қарай бет алған бейтаныс еркек пен кішкентай қызды көргендер бар. Олар Рудный қаласынан үш шақырым жердегі Қостанай - Қарабұтақ тас жолының бойында көзге түскен. Тәртіп сақшылары осы факті бойынша қандай да бір мәліметі бар облыс тұрғындарын қалалық ішкі істер бөліміне хабарласуды немесе 102 нөміріне қоңырау шалуды өтінеді.
Естеріңізге сала кетейік, бірінші сынып оқушысы 24 сәуірде жоғалып кетті. Оны іздестіру шарасына үш мыңнан астам адам жұмылдырылды. Арнайы бекеттер құрылып, кеншілер қаласына келген-кеткен көліктер түгел тексерілді. Тәртіп сақшылары Викторияны ұрлап кетті деген күдіктінің фотосұлбасын құрастырды.
Болжамға сәйкес кішкентай қыздың жоғалуына 30-35 жастағы, қара күрте, көк шалбар киген еуропалық нәсілді еркектің қатысы болуы мүмкін. Із-түзсіз кеткен жеті жасар қыз туралы шынайы ақпар берген адамға полиция 1 миллион теңге сыйақы беретіндігін жариялады.
Заңғар САНАЙ