Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Павлодарда оқушы қызды зорлап, өлтірді деп айыпталған Виктор Бахарев 25 жылға бас бостандығынан айырылды

AstanaTV
15.05.2014ж. 10:00
1259
Павлодарда оқушы қызды зорлап, өлтірді деп айыпталған Виктор Бахарев 25 жылға бас бостандығынан айырылды

Павлодарда оқушы қызды зорлап, өлтірді деп айыпталған Виктор Бахаревке қатысты үш айға созылған сот процессі шегіне жетті. Кеше кешкісін алқа билерден жасақталған сот Бахаревті ауыр қылмысқа кінәлі деп танып, оны 25 жылға бас бостандығынан айырды.

Сотталушы жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болды. Сонымен қоса, сот айыпкерді марқұмның отбасына 2 млн теңге көлемінде материалдық өтем төлеуге міндеттеді. Ал, Виктор Бахарев болса, соңғы сөзінде кінәсін мойындаудан бас тартты.

Виктор Бахаревқа қатысты қылмыстық іс үш бап бойынша қозғалған. «Кәмелетке толмаған жасөспірімді зорлау», «Зорлық көрсете отырып, адам өлтіру» және «Қылмысты жасыру мақсатында жасалған қылмыс». Айыптаушы жақ алғашқы екі бапқа 10 жылдан, соңғысына 18 жыл беруді сұрады. Алқа билер бар айғақты ескере келе Бахаревке ең ұзақ мерзімді тағайындады. Алайда, бұл үкіммен айыпталушының туыстары келіспек емес. Олардың сөзінше, сот біржақты жүргізілген және әділ шешім қабылданған жоқ.

Антонида
Зверева, В.Бахаревтің әпкесі:

Үкім өте тез шығарылды. 20-30 минуттің ішінде оны жазу мүмкін емес еді. Меніңше, ол алдын ала әзірленген. Алды да оқи салды. Яғни, соңғы шешімнің қандай болатыны әу-бастан белгілі болған. Біз
мұнымен шектелмейміз. Шағымданамыз.

Еске салсақ, өткен жылдың 21-қазанында Ақсу қаласы, Евгеньевка ауылында 8-сынып оқушысы Анастасия Шарипова із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Араға екі апта салып оның мәйіті үйінен 200 метрдей жерден табылды. Шұғыл іздестіру барысында полицейлер күдікті ретінде 20 жастағы оның ауылдасын құрықтады. Алғашқы тергеуде Виктор Бахарев кінәсін бірден мойындап, түсініктеме берген. Артынша бірнеше рет айтқанынан айнып, қылмысты жасамадым деп ақталды. Алайда, тағайындалған ДНК сараптамасы Бахаревтің бұл қылмысқа қатыстылығын растады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

Алдыңғы жаңалық