Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Павлодарда «Бірлік-Единство KZ» халықаралық фестивалі басталды

AstanaTV
20.05.2014ж. 10:00
995
Павлодарда «Бірлік-Единство KZ» халықаралық фестивалі басталды

Керекуде «Бірлік-Единство KZ» халықаралық фестивалі басталды. Биыл төртінші рет өткізіліп отырған шара Ресеймен шекаралас аймақтардағы этномәдени орталықтардың өзара байланысын нығайтуды мақсат етеді. Фестивальге еліміздің облыстарымен қатар, көрші Ресейдің Омбы, Новосібір, Алтай өңірлерінен делегаттар келді. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореядан да бір топ жас қатысуда. «Кәрістерді Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен ынтымақтастық қызықтырады. Сондықтан, шақыруға бірден келісім берді», - дейді ұйымдастырушылар.

Татулықты ұлықтайтын шара - көк аспанға бейбітшілік белгісі көгершіндерді ұшырудан басталды. Бұдан соң қатысушылар «Достық шеруін» ұйымдастырды. Омбы мемлекеттік техникалық университетінің студенті Максим Споткай фестивальге қуана келгендердің бірі. Ұлты орыс болса да, қазақ тілін жетік меңгерген. Тіпті, көрші облыста қазақ тілінде шығатын «Замандас» газетінің құрылтайшысы.

Максим
Споткай, РФ Омбы облысынан келген делегат:

Біз өте қуаныштымыз. Біріншіден, осы форумның ұйымдастырушыларына мың да бір рақмет. Өйткені, осы форум тек қана Павлодарға емес, бүкіл Қазақстан бойынша маңыздылығы зор.

Павлодарда 23 этномәдени орталық бар. Оның 15-нде жастар қанаты жұмыс істейді. Мыңға жуық қыз-жігіт мүше. Айта кету керек, жас буын аймақтың қоғамдық өмірінен тыс қалып көрген емес. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды ұлықтауда ұйымның белсенділігі жоғары.

Қанат Бозымбаев, Павлодар облысының әкімі:

Қазақстандық жастардың алдында үлкен міндеттер тұр. Атап айтқанда, Елбасының 2050 стратегиясын кезең-кезеңмен сәтті іске асыру, бәсекеге қабілетті отандық экономиканы қалыптастыру. Егеменді елімізді барынша дамыған 30 елдің қатарына қосу.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ