Қызылжарда қоқыс шығарушы
компаниялардың жеке кәсіпорындарға өкпелері қара қазандай. Айтуларынша,
Петропавлда 150-ге жуық мекеме коммуналдық кәсіпорындармен келісім-шарт
жасаспай, олардың қызметтерін тегін пайдаланып жүр.
«Коммуналдық қызмет үшін ақы төлеуден
жалтарып жүргендерді сотқа да беруге болмайды. Себебі, қолда бір де бір ортақ
құжат жоқ», - дейді қоқыс шығарушылар. Мәселенің
анық-қанығын аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин анықтауға тырысты.
Қаладағы қоқысқа жауапты «Мюль-сервис»
ЖШС-нің құрылғанына 7 жыл болған. Қоқыс
шығарушы компания өкілінің айтуынша, кей кәсіпорындар қоқыс үшін қаражат
төлемейді.
«Мюль-сервистің» ішкі ақпаратына
сенсек, кәсіпорындарға қарыз компаниялардың саны 33-ке жеткен. Олардың барлығы арнайы келісім-шартқа отырмай-ақ, қоқыс
төгіп жүргендер. Кесірінен, серіктестік қосымша шығынға батып отыр.
Виктор Болатов, «Мюль-сервис» ЖШС директорының
орынбасары:
Кәсіпорын басшыларын таба алмайсың. Қашқақтап
жүреді әрдайым. Бұл компаниялар тұрғын үй аулаларында тұрған ортақ қоқыс
жәшіктерін пайдаланады. Ал ақшасын төлемейді. Біз әлгі қоқыс үшін қазынаға
төлейтін салық пен қоқыс полигонына ақша төлейміз. Мысалы, біз кей
кәсіпорындардан 5 жылдың ішінде 1 млн теңгеге жуық ақша жоғалтып отырмыз.
Келісім-шартқа отыруға құлшыныс
танытпай отырған кәсіпорындардың арасында жергілікті кәсіпкер Анатолий
Мартыненко да бар. Дәмхана иесінде қоқыс жәшігі атымен жоқ.
Анатолий Мартыненко, дәмхана иесі:
Мына жерде қоқыс жәшігі тұратын. Бірақ, 3
жыл бұрын саябақ салынған кезде маған келетін жол жабылып, мен жәшіксіз қалдым.
Маған енді өзі сырғанайтын, бағасы удай қоқыс жәшігін ұсынып отыр. Қайтемін
оны? Ертең ұрлап алып кетсе ше, не жанып кетсе? Ақырында шығыны маған артылады.
Қазір дәмхананың қоқысын үйге әкетіп жүрмін.
Санитарлық-эпидеомолог мамандар болса,
жоспарлы тексерістерден нәтиже шықпайды, деп ағынан жарылды. Кәсіпкерлерге алдын ала тексеріс болатыны жайлы
хабарланатындықтан, олар білек-сыбана дайындалады дейді.
Гүлнәр Жақсылықова, СҚО Тұтынушылар құқығын қорғау
департаментінің бөлім басшысы:
Біз тексеріс жұмыстарын жүргізер алдында кәсіпкерлерге 1 ай бұрын ескертіп
қоямыз. Ол осы аралықта бар кемшіліктерін
жойып үлгеруі мүмкін. Ал біз кеткесін ағаттықтар қайта жіберіледі. Қазір енді
коммуналдық қызметтерден шағым түсіп жатыр. Демек, жоспардан тыс тексеріс
жұмыстарын жүргізуге болады. Бірақ, бұған таяуда жарияланған мораторий
қолбайлау болып тұр.
Мәселенің шешілуіне атқамінерлер де
араласты. Қала әкімі жақын арада үлкен жиналыс
өткізіп, келісім-шарттан бас тартып отырған әрбір кәсіпорын жетекшісімен жіті
сөйлеспек.
Жанабек Тұрсынов, Петропавл қаласының әкімдігі ТҮКШ, Жолаушылар
көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
Қазір бұл кәсіпорындардың тізімі әкімдікке ұсынылды. Бір аптаның ішінде кәсіпорын бастықтарын жинап,
ақылдасамыз. Ортақ мәмілеге келеміз деп ойлаймын.
Қоқыс шығаратын кәсіпорын
шенеуніктердің ат салысуымен бұл тізім жақын арада қысқаратынына сенеді. Ал санитарлық-эпидемиолог мамандардың пікірінше, бұл
түйткілді түбірімен тарқату тек қоғамдық ұйымдардың қолынан ғана келеді.
Себебі, ұйымдардан шағым түскен жағдайда, құзырлы органдар кез келген
кәсіпорынды табан астынан тексере алады. Тіпті, сотқа
да шағымдануға қауқарлы.
Абзал ҚҰРМАНКИН