$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Қостанайда жапондық тағам пісіретін дәмхана жұмысы сот шешімімен тоқтатылды

AstanaTV
20.05.2014ж. 20:00
999
Қостанайда жапондық тағам пісіретін дәмхана жұмысы сот шешімімен тоқтатылды

Қостанайда жапондық тағам пісіретін дәмхана жұмысы сот шешімімен тоқтатылды. Еске салайық, сәуір айының ортасында осы суши-бардан ас ішкен 16 адам уланып, ауруханаға түскен болатын. Кейін тағы он адамның денсаулығы күрт нашарлап, дәрігерлер көмегіне жүгінген. Жаппай емханаға жатқызылған жандардың «сальмонелла», яғни «ішек инфекциясына» шалдыққаны анықталды.

Бас прокуратураның келісімін алған санитарлық эпидемиолог дәрігерлер 18 сәуірден бастап дәмханаға тексеріс жүргізіп, ондағы тазалық талаптарының өрескел бұзылғандығын анықтаған. Мәселен, суши-барда жұмыс істеген үш аспазшының арнайы медициналық-кітапшалары мүлдем жоқ. Тіпті дәмхана тиісті мекемелерден санитарлық-эпидемиологиялық тұжырымдама алмаған. Осыны желеу еткен тұтынушылар құқығын қорғау бойынша облыстық департамент өкілдері экономикалық сотқа талап-арыз түсірген.

Майра Сәлкеева, Қостанай облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы:

Тұтынушылар құқығын қорғау бойынша департаменттің талабы қанағаттандырылсын. «Казак» жеке кәсіпкеріне тиесілі «Сакура бұтақтары» суши-барының жұмысы анықталған олқылықтар жойылғанша, тоқтатылсын.

Дәмхана өкілдері санитарлық ереже сақталмады дегенді, тіпті арнайы жүргізілген тексеріс актісін де мойындамай отыр. Жауап беруші тарап сотқа шағымданбақ.

Лилия Петрова, «Сакура бұтақтары» суши-барының өкілі:

Санитарлық-эпидемиологиялық тұжырымдама жоқ дейді, ал ол бізде бар. Сондай-ақ аспазшыдан сальмонелла анықталды дегенді де жоққа шығарғым келеді. Өйткені біз бактериологиялық сала бойынша зерттеу жүргізетін ірі республикалық орталыққа жүгіндік. Осы орталықтың қорытындысына сәйкес біздің аспазшыдан әлгі жұқпалы дерт анықталған жоқ.

Заңғар САНАЙ