$478.93 €534.96 ₽5.16
×

2017 жылы Астана әлемдегі 50 «ақылды» қалалар қатарынан орын алуы тиіс

AstanaTV
21.05.2014ж. 20:00
914
2017 жылы Астана әлемдегі 50 «ақылды» қалалар қатарынан орын алуы тиіс

2017 жылы Астана әлемдегі 50 «ақылды» қалалар қатарынан орын алуға тиіс. Бұл туралы «Астана инвест-2014» V халықаралық форумында қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов айтты.

"Елбасының қолға алуымен ел экономикасына инвестиция тарту жұмыстарының нәтижесі көрер көзге айқын. Тың идея, ғылыми жетістіктер, жаңа технология енгізуге қажетті инвестиция экономиканың қарқынды дамуының негізі. Бүгінде Астана қаласы қай салада болмасын серпінді дамып келеді. Елорданың басты міндеті қаланы даму үрдісінен жаңылдырмай, әлемнің үздік шаһарларының қатарына қосу", - дейді Астана әкімі. 

Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:

Жаңадан еңсесін көтеріп келе жатқан жас қалаға инвестиция тарту мәселесі қашанда өзекті. Бұл орайда бүгінгі бас қосу жасампаз жобаларды ортаға салып, Астананың инвестициялық мүмкіндігін айқындайтын диалог алаңы деп білемін. Игі дәстүрге айналған форум инвестиция саласындағы түйінді мәселерді тарқатып, дұрыс жол ұсынады деп сенемін.

Соңғы 16 жылда Астананы дамытуға шамамен 5 триллион теңгеден астам инвестиция құйылған. Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың айтуынша, мұның барлығы елдегі инвестициялық ахуалдың жақсарып, бизнеске жасалатын әкімшілік кедергілердің төмендеп келе жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ салық тұрақтылығын қамтамасыз етудің де оң әсері мол. 

Кәрім Мәсімов, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі:

Біздің тартымды орта қалыптастырудағы күш-жүгерімізді Дүниежүзілік банк мойындап отыр. Әлем бойынша бәсекеге қабілеттілік және инвестицияны қорғау рейтингтерінде озық тұрмыз Соңғы айларда Үкімет инвестиция тарту бойынша кешенді бағдарлама әзірледі. Заң жобасы таяуда Парламент қарауына жіберіледі.

Жұрағат БАМАН