Елорданың құрылыс нысандарында өндірістік жарақат өршіп барады.Техникалық
қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу фактілері де азаймай отыр. Жыл басынан бері 14 қайғылы оқиға болса, оның үшеуі өліммен аяқталды. Бұл тек Есіл
ауданында тіркелгені.
Аудан прокурорының айтуынша, құрылыс нысандарында
жүргізілген тексерістер заң бұзушылықтардың бетін ашты. Тіпті мектеп құрылысын
жүргізіп жатқан мердігер компанияның тиісті лицензиясы болмаған. Тәртіпке
бағынбаған компаниялардың ісі енді сотта қаралмақ. "Көпшілік сенімсіз құрылыс
нысандарын алыстан танитын болады", - дейді прокурор.
Біржан Мажренов, Астана қаласы Есіл ауданының прокуроры:
Өліммен аяқталған барлық 3 факті бойынша мамандар тәртіп сақшыларымен
бірігіп тексеріс жүргізді. Жұмыс берушілердің кінәсы 100 пайыз дәлелденді.
Тергеу жұмыстары жақын арада аяқталып, сотқа жолданады. Біз соттардың ашық
өткізілу практикасын енгізбекпіз. Бұл Бас прокурордың талабы. Енді сот
отырыстарына қоғам мүшелері де қатыса алады.
Естеріңізге салайық, құрылыстағы қайғылы оқиғалар толастамай тұр. Өткен
сәуір айында ғана Астанадағы "Көркем" тұрғын үй кешені құрылысында
оқыс жағдай тіркелді. Құрылыс орнында металл конструкциясы құлап, 18 адам түрлі
жарақат алған болатын. Бұл оқиға бойынша да тергеу аяқталып, жақын арада іс
сотқа жолданбақ.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ