$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Қостанайда жоғалған қызды іздеу кезінде полицейлер салғырттық танытқан болуы мүмкін

AstanaTV
27.05.2014ж. 13:00
844
Қостанайда жоғалған қызды іздеу кезінде полицейлер салғырттық танытқан болуы мүмкін

Виктория Ганяның денесі еріктілердің көмегімен табылғаннан кейін, Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің полицейлері қызметтік салғырттық үшін жауапқа тартылуы мүмкін.

Еске салайық, жеті жастағы қыз аулада ойнап жүріп, із-түссіз кеткен. Сол күні қасында болған куәгер балалардың айтуынша, оны жасы 30-35-тер шамасындағы еуропалық түр келбетті ер азамат ертіп кеткен. Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері мен еріктілер тобы қатысты.

Араға бір ай сала Викторияның мүрдесін Рудный қаласының тұрғыны, волонтерлық топ мүшесі Владимир Радченко тауып алады. Баланың мәйіті Рудный-Тобыл тас жолы маңындағы ескі құрылыстан табылды. Белгілі болғандай, полиция қызметкерлері дәл сол жерде бір ай бойы бірнеше рет іздеу жұмыстарын жүргізген. Алайда іздеу шаралары еш нәтиже бермеген.

Қазіргі таңда полицейлердің бұндай салғырттығына аймақ тұрғындары наразылық білдіруде. Олар құқық қорғаушыларды жауапқа тартуды талап еткен хаттарын ішкі істер органының ресми сайтына жазған. Қостанай облысының ішкі істер департаменті бүгінде ведомствода тиесілі қызметтік тексеру жұмыстары жүргзіліп жатқандығын мәлімдеді. Сондай-ақ, аталған істің ақ-қарасын анықтау жұмыстарына тәжірибелі тергеушілер мен оперативті қызметкерлер тартылғанын хабарлады.

Жұрағат БАМАН