$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Биыл балалардың жазғы демалысы қаншаға түседі?

AstanaTV
29.05.2014ж. 20:00
2059
Биыл балалардың жазғы демалысы қаншаға түседі?

Биыл Жамбыл облысында оқушылардың жазғы демалысына бөлінген қаржы 3 жыл бұрыңғымен салыстырғанда, екі есеге артып отыр. Облыстық білім басқармасы балалар демалысына биыл 288 миллион теңгеден аса қаржы бөліпті. Дегенмен, қазіргі лагерьлердегі жағдай қандай? Жазғы демалыста баласын лагерьге жіберу үшін ата-ананың қалтасына қанша салмақ түсіреді? Данияр Әлімқұл тарқатады.

Бұл - Тараздағы жекеменшік сауықтыру демалыс орталығы. Жазғы тынығу маусымы 26-мамырдан басталып кеткен. Қазірдің өзінде мұнда 130 бала демалуда. Әзірге жергілікті балалар. Мұндағы шаралар демалушылардың көңілдерінен шыққан сияқты. Есесіне демалыс құны да жоғары.

Гүлмира Қуатбек, Тараздағы балаларды сауықтыру демалыс орталығының директоры:

Біз барлық облыстан 6 жаспен 13 жас аралығындағы балаларды қабылдаймыз. Жолдама құны 7 күнге 26 мың теңге, 14 күнге 48 мың теңге.

Жалпы, облыста шамамен 10 лагерь бар. Оның алтауы - мемлекеттік. Жолдама құны 15 мың теңгеден жоғары. Сондай-ақ, мектептерде күндізгі сауықтыру-демалу шаралары қарастырылған. Облыстық бюджеттен оқушылардың жазғы демалысына биыл 288 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл осыдан 3 жыл бұрынғымен салыстырғанда, 2 есеге көп.

Гүлзира Дәрібаева, Жамбыл облысы Білім басқармасының бөлім басшысы:

Жылдан-жылға қаржылардың қарастыру көлемі де ұлғайып келеді. Мысалға, былтырғы жылмен салыстырған күннің өзінде 94 млн-ға қаржы көлемі ұлғайып отыр. Мұның өзі біздің мемлекет тарапынан балалардың сауықтыруына және демалысына үлкен көзқарастың өзгеруінен болып отыр.

Ал, Солтүстік Қазақстан облысында балаларға арналған 18 жазғы тынығу орны бар. Оның 16-сы мемлекет қарауында. Жолдаманың орташа құны 14 мың теңге. Бұл мақсатқа облыс қоржынынан былтырғыға қарағанда, 57 млн тенгеге артық, яғни, 267 млн теңге қарастырылыпты. Алайда, шешілмеген мәселелер де жоқ емес. Теріскейдің 4 жазғы тынығу орны ауыз сумен қамтылмаған. Мәселен, 160 балаға шақталған «Серебряный бор» лагері қазір тіршілік көзін жақын жерде тұрған ауылдан тасып отыр. Бұдан бөлек, жаңғырту жұмыстарына да 46 млн теңге қажет, - дейді лагерь директоры.

Гүлшат Сыздықова, Петропавлдағы «Серебряный бор» лагерінің директоры:

Жеке кәсіпкермен жасасқан келісім-шарт бойынша ол бізге күнде ауыз су әкеліп тұрады. Бұдан бөлек, лагерьде ұңғыма бар. Қажеттілігімізге осы ұңғыма суын пайдаланамыз. Жалпы, бізде балаларға массаж жасап, түрлі фитошайлар беріледі. Моншаларда табиғи тұзды сумен жуынады.

Ал, ақтөбелік атқамінерлер балалар демалысына 52 млн теңге бөліпті. Бұл қаржыға 42 мың бүлдіршіннің демалысы ұйымдастырылмақ. Атап өтер артықшылығы - биыл балаларға арнап шатырлы лагерь ұйымдастырылады.

Ләззат Оразбаева, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің жетекшісі:

Бұған 120 бала қамтылып отыр. Жаңағы 5-күндік лагерь. Кәдімгі жаңағы 5 күн бойы балалар сол лагерьде болады. 5 мезгілдік тамақ, табиғатқа шығу, әртүрлі ойындар ұйымдастырылады. Баланың демалуына мүмкіндіктер бар.

Дегенмен, бұл аймақта 12 күндік жолдамамен қала маңындағы лагерьге әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан 1 бала үшін қала бюджеті 28 мың тенге төлейді екен. Ал мектеп жанындағы лагерьге 15 мың тенге. Жекеменшік лагерьлерде 2 аптаға созылатын бір маусымның жолдамасы 25-55 мың теңге аралығында. Қысқасы, балаңыз жазғы демалысының 1 аптасын жақсы өткізу үшін қалтаңызда кемінде 20 мыңнан жоғары ақша болуы керек.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ