Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

ЕАЭО шартына қол қойылды

AstanaTV
29.05.2014ж. 20:00
1212
ЕАЭО шартына қол қойылды

Тарихи күн. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылған бүгінгі күнді Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері осылай бағалады. Ортақ нарық, ортақ стандарттар мен келісімді бағыт қалыптастыратын жаңа одақты құруға бүгін қабылданған құжат негіз болады.

Еуразия кеңістігінде әлемдегі ең ауқымды экономикалық бірлестік құрылды. Экономикалық одақ 2015 жылдан бастап іске кіріседі. Соған қарамастан, қазірдің өзінде бұл одаққа жаңа мүше-мемлекеттерді қабылдау мәселесі күн тәртібінде тұр. Қазақстандықтар айрықша күткен шара қалай өткені туралы Айгүл Әдепбай баяндайды.

Талай халықаралық оқиғаның куәгері болған Астанадағы Тәуелсіздік сарайында үш ел басшысы Еуразиялық экономикалық одаққа жан бітірмек. Президенттер келгенше, есік алды бірнеше рет сыпырылып, күзет сақадай сай тұрды. Владимир Путин мен Александр Лукашенко бастаған Ресей және Беларусь елдернің игі жақсылары жиналды Астанаға. Тараптар 2015 жылдың бірінші қаңтарынан жаңа одақ тамырына қан жүгіртпек. Еуразиялық экономикалық кеңестің жоғарғы отырысына қатысқан үш ел көшбасшысы алдымен жеке құрамда кездесті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгін ЕЭО жоғарғы кеңесінің күн тәртібіне 7 сұрақ еңгізіліп отыр. Барлық сұрақтарды сарапшылар, вице-премьерлер қарастырды, маңыз енді қол қоюға дайын. Келісім бойынша салтанатты қол қою рәсімін бүгінге жоспарлаймыз. Сонымен қатар, құрылып отырған одаққа Арменияның қосылуы туралы пункт бар. Кеңейтілген форматта ол жөнінде бізге баяндалады және біз талқылаймыз. Қырғызстан КО-на бірігу жөніндегі экономикалық комиссияның мақұлдаған Жол картасын қолдады. Бірақ шамалы көмек пен қолдау көрсетуімізді өтініп отыр. Осы шағын форматта айтылған мәселелерді талқылап, басқа мәселелер бойынша кеңейтілген форматта талдауды ұсынамын.

Кей күдікшіл сарапшылар Беларусь президентінің тосын сұрақтары мен сауалдары болады деп күткен еді. Өйткені Қазақстан астанасына келерден бұрын Александр Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақ туралы, шарт біз күткен құжат емес деп мәлімдеді. Алайда бүгін Президент Беларуське аз салмақ түспегенін айтып өтсе де, қарсылығын білдірмеді.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының президенті:

Бұл игі мақсатқа жету өте қиын және көп уақытты талап ететін процесс болды. Айналамызда Нұрсұлтан Әбішұлы әр кездесуімізде айтып жүрген қаншама қарсы топтар пайда болды. Батыста да, жақын шетелдерде де, тіпті, өз елдеріміздегі мінеп-сынап, нан жеп отырған оппозицияны айтпағанда, кейбір мемлекеттік қызметтегі шенеуніктер, әсіресе, либералды көзқарастағылары тарапынан қаншама айыптауларды естуге тура келді. Интеграция Кеңес империясын жандандыру, егемендіктен айырылу, мемлекетке ауыртпашылық жүктеу деген сынды пікірлер Ресейде де, Беларусьте де, Қазақстанда да айтылды. Бірақ таяқты Беларусь ең көп жеген тарап. Тіпті, қазірдің өзінде БАҚ беттерінде Лукашенко талаптардың жеңілдетулуін, Минск үшін жеңілдіктер саудалап жатыр, не Қазақстан, не Ресей экономикалық ауыртпашылықтарды өз мойындарына алады деген сынды сөздер өріп жүр. Мен нақты сөздер келтіріп отырмын. Осы азаматтарға айтқым келетіні: Мырзалар, даурықпаңыздар. Біз Ресей, Қазақстанмен тең құқылы процестің қатысушысымыз. Ал егер де бірімізге-біріміз ауыртпашылық салып жатсақ та, бұл біздің өзара достық шешіміміз.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

ЕЭО барлығына түсінікті әмбебап айқын принциптер негізінде, оның ішінде әлемдік сауда ұйымына да ұғынықты жүйеде жұмыс жасайтынын айтқым келеді. ЕЭО келсімі бекітілуге дайын тұр. Бұл Ресей Қазақстан Беларусь үкіметтерінің жемісті жұмысы. Өзара біріккен ұстанымдардың, ымыраға келудің жолын табуға әзірлік пен біліктіліктің арқасында біршама қиындықтардан өтіп, алдын ала жоспарланғандай 2014 жылдың 1 маусымына дейін келісімге қол қою сатысына жете білдік. Бұл шараның қазақсатнда өтіп жатқаны да маңызды. Өйткені еуразиялық интеграция туралы алғашқы ойды Президент Назарбаев осыдан 20 жыл бұрын айтқан еді. Нұрсұлтан Әбішұлына шақырту мен бүгінгі іс шараны ұйымдастырып қана қоймай оны мерекеге айналдырғанына алғысымды білдіргім келеді.

Бұдан соң президенттер кеңейтілген отырысқа шықты. Мұнда оларға Армения мен Қырғызстан басшылары қосылды. Бүгін жаңа одаққа жаңа мүшелерді қабылдау мәселесі де талқыланды. Минск саммитіне жете алмаған Армения президенті Серж Саргсян Астанаға арнайы келді. Және Қырғызстан басшысы Алмазбек Атамбаев та осында.

Серж Саргсян, Армения Республикасының президенті:

Одаққа бірігу туралы келісімге қол қойғаннан кейін біз 200-ге жуық заңнамалық актілерді қабылдап, бірқатар жүйелік өзгерістерді қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл жұмыстарға кемінде алты ай уақыт қажет. Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, шешімін күтіп отырған бірнеше сұрақтың қалғанына назар аударып отырмын. Ол мәселелерде мәмілеге келу жолдары бойынша сарапшылардың бірқатар ұсыныстары бар. ЕЭО Армения Республикасының бірігуі жөніндегі келісімге қол қою мерзімін ағымдағы жылдың 15 маусымына дейін белгілеулеріңізді сұраймын. Уақыттың тығыздығын ескере отырып, өз тарапымнан бір-екі күннің ішінде біздің және серіктес елдердің көңілінен шығатын шешім табатынымызға сенімдімін.

Серж Саргсян Арменияны 15-ші маусымға дейін қосуды сұрады. Құжаттар дайын болса, Арменияның әзір отырғанын айтып өтті. Десе де, Арменияның жаңа одаққа жаңа мүше болып кіру мәселесі 1-шілдеге дейін шешілетін болды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ