Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматыда тағы да құбыр жарылды

AstanaTV
16.05.2016ж. 20:00
1786
Алматыда тағы да құбыр жарылды

Алматыда тағы да құбыр жарылды. Бұл жолы жоғары қысыммен атқылаған ыстық судың биіктігі ғимараттың төртінші қабатына жеткен. Қазыбек би мен Қалдаяқов көшелерінің қиылысындағы үйлердің ауласына жайылды. Оқыс жағдайға құбырлардың тозуы себеп болған. Әйтеуір, зардап шеккен адам жоқ. Бұл туралы қалалық «Жылуэнергокешені» кәсіпорнының ресми өкілі айтты.

Оның сөзінше бұл аймақта гидравликалық сынақ жұмыстары жүргізіліп жатқан. Диаметрі 500 мм болатын ескі құбыр сыр беріп, оның арықтың тұсынан өтетін жері жарылған. Апат болған аймақтағы үйлер мен ғимараттар уақытша ыстық судан ажыратылды. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Биыл қаңтар айында Қазыбек би мен Қалдаяқов көшелерінің қиылысында тура осындай жағдай орын алған. Жалпы Алматы қаласында құбырлардың 64 пайызы жаңартуды қажет етеді.

Ян Гирин, Алматы қаласы «Жылуэнергокешені» кәсіпорнының ресми өкілі:

Жылыту маусымына дейін құбырларды гидравликалық сынақтан өткізіп отырамыз. Сондай жұмыстың барысында шіріген құбыр жарылып кетті. Бұл жердегі құбыр 1993 жылы қолданысқа берілген. Ары кеткенде 25 жылға шыдайды. Абырой болғанда, адамдар зардап шеккен жоқ. Бірақ 2 көлікке зиян келді. Олардың қожайындары өтемақы алатын болады.

Айгүл ЕРМАХАН