Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Атыраулықтар нөсер жаңбырдың зардабын әлі тартып отыр

AstanaTV
16.05.2016ж. 20:00
1521
Атыраулықтар нөсер жаңбырдың зардабын әлі тартып отыр

Атырауда әлсін-әлсін жауған нөсер жаңбыр халықты әбігерге салды. Еріген қар суынан ес жиып үлгермеген тұрғындардың баспанасы қайта ылғал тарта бастаған.

І-ші топтағы мүгедек Қайрат Жұмағалиев үйінен қыстан бері су құрғамағанын айтады. Былтыр баспананың ахуалын бағалайтын комиссия, бұл үйде әлі 5-6 жыл тұруға  болады, деп шешім шығарған. Ал 75 жастағы Надежда Ухова да үйіне су кіргеніне алаңдаулы.

Надежда Ухова,  Атырау қаласының тұрғыны:

Ешқандай көмек жоқ. Қыс бойы күйеуімнің алыс туысының үйінде тұрдым. Енді олар шақыра ма, шақырмай ма, білмеймін. Туған үйімді қалай тастап кетемін. Көпірден құйылған су менің аулама келеді. Қасымдағы үйлерден, жолдан 1 метр төменде тұрамын.

Ауа райын болжаушылар аптаның аяғына дейін жауын-шашынның сақталатынын хабарлаған. Ал әкімдік өкілдері, комиссия шешім шығармай, ешкімге қаржылай көмек көрсете алмаймыз деп отыр. Келіп түскен 342 шағымды тексергенде, 283 үйге су кіргені анықталған. Көмекке аса зәру отбасыларға су соратын көліктер кезекпен жіберіледі,- дейді шенеуніктер.

Амантай Айтбаев, Атырау қаласы әкімінің орынбасары:

Қазір тұрғын үй шаруашылығы мен қалалық жұмыспен қамту бөлімдері 283 үйді зерттеп жатыр. Олардың екінші баспанасы бар ма, отбасылық жағдайы қалай, орташа табысы қанша? Әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету үшін  комиссия осыларды анықтап алады.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ