Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қызылжарда балық сататын орындар өртенді

AstanaTV
16.05.2016ж. 20:00
1422
Қызылжарда балық сататын орындар өртенді

Қызылжарда балық сататын сауда орындары өртке оранды. Төтенше жағдай қаладағы ірі базарлардың бірінде болған. Әзірге саудагерлерге келген шығын көлемі белгісіз. Кәсіпкерлер миллион теңге шамасындағы тауарларының отқа оранғанын айтады.

Тілсіз жау кешкісін базар жабылатын уақытта шыққан. Абырой болғанда, адамдар аман. Оқыс оқиғаны алдымен аула сыпырушы байқапты. Ол бірден арнайы орындарға хабар берген. Құтқарушылар келгенше 48 шаршы метр аумақ қызыл жалынның құшағында қалған.

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

Өрт туралы хабар бізге 19:00-де келіп түсті. 19:39-да толық ауыздықталды. Барлығы 11 бірлік техника мен 38 адам жұмылдырылды. Қазір өрттің себебі мен шығын көлемі анықталып жатыр.

Өтемақы мәселесі әзірге қозғалып отырған жоқ, - дейді базар басшысы. Өйткені өртенген дүңгіршектер кәсіпкерлердің жеке меншігінде болған. Ал базар әкімшілігіне олар тек жердің жалдау құнын ғана төлеп келген.

Роза Шакирова, базар басшысы:

Кәсіпкерлердің шығыны бірнеше миллион болуы мүмкін. Нақты қанша екенін ешкім айта алмайды. Ішінде тек жергілікті өзен-көлдердің ғана емес, теңіз балықтары да болды. Төрт тоңазытқыш тұрған еді. Барлығы да жанып кетті. Біз оларға басқа жерден орын бердік. Кәсіпкерлер ертең жұмыстарын жалғастырады деп ойлаймын.

Абзал ҚҰРМАНКИН