Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматыда зиялы қауым өкілдері жер тақырыбын талқыға салды

AstanaTV
16.05.2016ж. 20:00
2270
Алматыда зиялы қауым өкілдері жер тақырыбын талқыға салды

Алматыда зиялы қауым өкілдері жер тақырыбын талқыға салды. Жиынға келген қаламгерлер, әртістер мен ғалымдар жаңа Жер кодексінің Елбасы пәрменімен мораторий жарияланған кейбір нормаларына кеңінен тоқталды. Жер мәселесі төңірегіндегі барша ақпаратты елге жеткізіп, мұқият талқылау мақсатында құрылған комиссияның сенбі күні Астанада өткен алғашқы отырысы да әңгіме арқауына айналды.

Алматыдағы Достық үйіне халыққа кеңінен таныс тұлғалар жиналды. Келелі отырысқа «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед арнайы келген. Ол кез-келген мемлекеттік маңызды мәселеде зиялы қауым өкілдерінің рөлі жоғары екендігіне айрықша тоқталды. Мемлекет басшысының жер реформасы төңірегінде жалпыхалықтық талқылау ұйымдастырып, оның түпкілікті мәнін әрбір қазақстандыққа жеткізу міндетін қойғанын айтты.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

«Жер-Ана» дейміз. Ендеше жерді біз анамыздай аялап, күтіп, сақтап, оның байлығын ұрпағымыздың ырыздығына жаратуымыз керек. Ол үшін жерді ұқсата алатын адамдардың қолына беруіміз керек. Жер реформасының басты мақсаты осы, ағайын.

Жердің тағдырына қатысты мәселеде төрелік айтып, халыққа жөн сілтейтін зиялы қауымның да айтары бар. Олар бұл ауқымды тақырыпты талқылауда асығыстыққа орын жоқ, елдің мәселелерін жалпыұлттық диалог арқылы ғана  шешуге болады дегенді қолдап отыр.

Уәлихан Қалижан, филология ғылымдарының докторы, публицист-жазушы:

Елбасымыз атап айтқандай, осы ақпараттық жүйелердің болмауы, мамандардың сөйлемеуі, халықпен кездеспеуінің нәтижесінде осындай түсінбеушілікке алып келді деп ойлаймын. Жер туралы заңның, Жер кодексінің баптарын халыққа насихаттаған кезде, подзаконный актілердің де алдын-ала жоспарланып, алдын-ала мәтіні халыққа таратылуы керек. Сонда көптеген мәселелердің алды алынады.

Сұлтанәлі Балғабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург:

Жер кодексі бүгінгі заманға, бүгінгі мынау дәуірге сәйкес жасалынған. Енді осыны халыққа түсіндіру бір болса, екінші, Үкіметтің осы жөніндегі жер кодексін қалай жүзеге асырамыз деген нақты жоспар бағдарламасы болуға тиіс.

Академик Төрегелді Шарманов ауыл шаруашылық саласындағы жерді игерудің өзіндік үлгісін көрсетіп отыр. Жиында Мұхтар Құл-Мұхаммед ғалымның игілікті ісін мысалға келтірді. Сексен бес жастағы ақсақал Алматы облысы Талғар ауданында 2 гектар жерге зауыт салып, Кореямен біріккен сүт өнімдері кәсіпорнын жолға қойған. Бұл жүздеген гектар алқапқа иелік етіп, бірақ шыбық басын сындырмайтын кейбір шаруаларға үлгі болуы керек. Игілікті істің оң нәтижесін ғалымның өзі де атап өтті.

Төрегелді Шарманов, академик:

Жаңа ғана Мұхтар Абрарұлы айтты. Мен 6 жыл бұрын өте қиын жағдайда жер сатып алып, завод салдық. Қазір оның игілігін көріп отырмыз. Сиыр сүтіне негізделген. Өткен жылы біз тағы бір зауытты Павлодар мен Қарағанды арасынан салдық. Онда бие сүтін өңдеп, құрғаққа айналдырып, экспортқа шығара бастадық.

Ал қазақ кино және театр өнерінің майталманы, актер Асанәлі Әшімов отандастарын жалқаулықтан арылып, еңбек етуге шақырды. Ол да Ақмола облысы аумағынан ауыл шаруашылық саласына қажетті жер алып, сенімді өкілдері арқылы кәсіп ашып жатқанын айтып қалды.

Асанәлі  Әшімов, КСРО Халық әртісі:

Намысы бар халықпыз ғой. Басқаға кеткенше, өзіміз жасайық деп қимылдайтын кез келді. Намысқа тырысайық. Зиялы қауымның осында отырғандары әрқайсысына бір төбе. Халық арасында осыны түсіндіру, жеткізу біздің міндетіміз болып отыр. Сондықтан бүгінгі жиналыстың да мақасаты осы ғой деп ойлаймын. Мен де жақында Кулагиннен жер сұрап бардым. Жермен айналысатындырдың басын біріктіріп. Ұйымдасайық үйде жата бермей деп.

Қазақстанда ауыл шаруашылық мақсатындағы жүз миллион гектардан астам аумақ есепте тұр. Жерге жекеменшік құқығын беретін заң қабылданған соңғы 13 жылда соның тек 1 млн 300 мың гектары ғана жекенің қолына өткен. Негізінен, қала маңындағы жер учаскелері. Бұл шамамен 1,5 пайыз. Осы ретте ғалым Абай Сағитов ауыл шаруашылық мақсатындағы жердің көмегімен аграрлық сектор дамып, астық өнімділігі артады, мал басын көбейту мен шикізат өңдеу көлемін арттыруға қол жеткіземіз деген пікірін ортаға салды.

Абай Сағитов, Қазақстан өсімдік қорғау ҒЗИ бас директоры, академик:

Президент шырылдап айтып жатыр: «Әй, мына  елге керексіз закон бізге де керек емес», - деп. Мына халықты ойлау керек деп. Сол үшін мына шенеуніктердің бәрі жұмыс істеу керек, өзгеруі керек олардың көзқарасы. Егер мынадай инвестициялар келмесе, жаңа техника келмейді. Жаңа өндіріс келмейді, жаңа бактериялар кірмейді. Мысалы, мына өнімді қазір салсақ, өзіменен-өзі өспейді.

Жер реформасы жөніндегі комиссия Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылды. Комиссияның апта сайын өтіп тұратын отырысы халық үшін мәселенің байыбына баруға мүмкіндік береді. Оның жариялылығына ешкім күмән келтірмейді. Осы комиссияда қабылданатын шешімдер де әрбір азаматтың назарында болуы тиіс, - дейді Қазақстан Халық әртісі Құман Тастанбеков.

Құман Тастанбеков, Қазақстанның Халық әртісі:

Өйткені оның ішінде өзіміздің атақты азаматтарымыз бар, түсінетін, білетін жердің қасиетін, қадірін. Сол жер үшін өзінің жанын беретін азаматтар. Солар бір шешімге келетін шығар. Халқымыз қуана берсін, комиссия бір шешімге келеді. Мен түсінемін, білемін, осы жерімізде жер мәселесі қымбат.

Жиналғандардың көпшілігі, «жер еліміздің экономикасына пайда әкелуі тиіс. Ауыл шаруашылық жерлерді өңдеудің заманауи технологияларынан неге бас тартуымыз керек?» деген ойларын ортаға тастады.

Талғат Мамашев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары:

Сырттағы ағайынның алаңдаушылығы бар. Қазақстанға барғанда жерсіз қалмаймыз ба деген. Жаңағы мал баққан, әсіресе Моңғолиядан, Қытайдан келетін ағайындар жайылым болады ма, біз фермерлік жағдайымыз қалай болады деп, алаңдаушылық бар. Сондықтан біз оның арасында қазір түрлі түсінік жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазақстанға келіп, азаматтық алғаннан кейін, Қазақстанның әрбір азаматы сияқты біздің сырттағы ағайындар да жер алуға құқылы болады. 

Бүгін дөңгелек үстел басына жиналған зиялы қауым өкілдерінің барлығына өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік берілді. Олар мемлекет басшысының жер мәселесін жалпыхалықтық талқылауға шығару жөніндегі шешімін толығымен қолдап отыр. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары азаматтардың алаңдауына негіз жоқ екенін, себебі жер мәселесіне қатысты Мемлекет басшысының ұстанымы берік екенін қадап айтты. «Нұр Отан» партиясы осындай кездесулерді Қазақстанның барлық өңірлерінде өткізбек.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ