Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Алматыда 127 жеке үйдің ауласы суға толды

AstanaTV
17.05.2016ж. 20:00
2089
Алматыда 127 жеке үйдің ауласы суға толды

Алматыда толассыз жауған жаңбыр тұрғындарды әбігерге салды. 100-ден астам жеке баспаналардың ауласы суға толған. Олардың басым бөлігі Алатау ауданында орналасқан үйлер. Бүгін таңертеңнен бері қалалық төтенше жағдайлар қызметінің апатты қалпына келтіру жасағы мен құтқару қызметі қауырт жұмысқа кірісті. Көмек көрсету ісіне барлығы 180 адам мен 53 техника жұмылдырылған. Есесіне үйлерін су басып, көрші-қолаң мен туыстарын сағалаған тұрғындарда есеп жоқ. 

Түнгі сағат 1:30. Алатау ауданындағы «Теплоэнергетик» саяжайының қақ ортасынан өтетін өзен, нөсерлеткен жауынның салдарынан арнасынан тасып, үйлерге лап берген. Үйіне бірінші болып су кіргендердің бірі Фарида Аксинина іле-шала тиісті мекемеге хабарлап, көмек сұрағанын айтады. Алайда құтқару қызметі апат орнына жетуге асықпады, - дейді ол.Әп сәтте ауласындағы су бір метрге жеткен.

Фарида Аксинина, «Теплоэнергетик» саяжайының тұрғыны:

Құтқару қызметі таңғы сағат 9-да бір-ақ келді.  Келгенде бір су соратын құрылғыны алып келді. Оның күші түкке жетпеді. Сосын кері қайтты. Содан су әлі жатыр. Балаларымызды мектепке апаратын жалғыз көлігімізді судан шығара алмадық.

А
йгүл Ермахан, тілші:

Жергілікті билік өткеннен неге сабақ алмайды, дейді тұрғындар. Өйткені дәл осы саяжайды осыдан екі апта бұрын су басып қалған. Төтеншеліктер қазір тасыған өзендегі судың нөпірін азайтуға күш салуда. Бірақ жүректері шайлығып қалған тұрғындар қарап отыра алмай отыр. Аяқтарына мынадай су өтпейтін етік киіп, үйлерінен керек-жарақтарын сыртқа шығаруда.

Абат Ибраимов, «Теплоэнергетик» саяжайының тұрғыны:

Осымен үшінші рет болып отыр. Бұдан ешқандай нәтиже шығарып жатқан жоқ.  Мысалы, техника дейді. Мен техника көргенім жоқ. Мотопомпаны 10- да әкеліп қойды, үйімнің ар жағына су кіре бастаған соң.  Үшінші рет су басты деген сөз, үйден үй қалмады деген сөз ғой.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, саяжай ортасымен өтетін «Қарғалы» өзенінің сағасына жергілікті билік осыдан үш жыл бұрын жөндеу жұмыстарын жүргізген. Салдарынан ені 3 метрді алып жатқан өзен жағасы 2 метр болып қысқарған. Өткелдің тарылуынан енді су арнасына сыймай сыртқа тасып жатқан көрінеді. Мәселенің жай-жапсарын Алатау аудандық әкімдігінің өкілдерінен сұрағанымызда, табиғи апаттың алдында дәрменсізбіз деп қайырды.

Мұқан Алмасаев, Алатау ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

Енді, өздеріңізге белгілі, көктем айы. Жаңбырдың көптігінен. Қазір 10 техника жұмылдырылды. Және екі мотопомпа су сору насосы,  одан бөлек  адам күші 25 қазір задействованы. Қазір біз инертный материал күтіп отырмыз. Қазір инертный материал келсе, біз қазу жұмыстарын жалғастырып, арнаны бұру жұмыстарын жалғастырамыз. Төмен жағын басқаға бұрамыз, халықты су баспауы үшін.

Саяжайда жалпы 19 үйдің ауласы су астында қалды. Ал өзен суы лап қойған 4 үйдің тұрғындары уақытша қауіпсіз аймаққа көшірілмек. Ол үшін жергілікті шенеуніктер мектептерден уақытша  орын-жай қарастырған.

Бір жолға көшіп кетуге тура келетін шығар.

Жалпы кешегі нөсер жауыннан қала бойынша 127 үйдің ауласы суға толған. Тіпті тасыған су метро жолына да жетті. Абырой болғанда, адамдар дін аман. Төтенше жағдай қызметі мамандарымен тілдесудің сәті түспеді. Олар түннен бері қауырт жұмыс істеп жатқандықтан, тілшілерге сұхбат беруге де мұршалары жоқ. Бірақ құзырлы мекеме су басқан аулалардың ахуалы баяндалған ресми хат таратты. Онда апатқа орай арнайы комиссия құрылғаны хабарланған. Дегенмен қауіп әлі де сейілген жоқ. Алматыда түс ауа тағы күн бұлттанып, жаңбыр тамшылады.

Айгүл ЕРМАХАН