Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қария мен сәбидің өмірін құтқарған полицей мемлекеттік марапатқа ұсынылды

AstanaTV
16.05.2016ж. 20:00
1829
Қария мен сәбидің өмірін құтқарған полицей мемлекеттік марапатқа ұсынылды

Ал келесі сюжетіміз бүгінгі күннің батыры жайлы болмақ. Полиция қызметкері 26 жастағы Жаннат Нәбиуллин 24-ші сәуірде Астанада қос кісінің өмірін сақтап қалған еді. Сарыарқа аудандық Ішкі істер бөлімінің аға лейтенанты бұл әрекетін «ерлік» деп санамайды. Ержүрек полицейдің ерлігі ескеріліп, бүгінде  мемлекеттік марапатқа ұсынылып отыр.

Куәгерлердің бірі түсіріп, ғаламторға салған бейнежазбада кәріз құдығына құлап кеткен екі адамды құтқару шарасы жазылған. Анықталғандай, Астанадағы Күмісбеков көшесінің бойында ашық қалған құдыққа ойнап жүріп, 4 жасар бала түсіп кетіпті. Артынша оны шығаруға талпынған атасы да құлаған. Оларға дер кезінде жеткен полиция қызметкері көмек беріпті.

Ел-жұрттың «Джоконда мықты» деп шулап, мақтап жатқандары - мына жігіт. Сарыарқа аудандық ІІБ аға лейтенанты Жаннат Нәбиуллин. Полицей сол күні құдық маңынан жолшыбай өтіп бара жатып, төменге қарай құлаған бала мен атасын кездейсоқ көріп қалған. 

Жаннат Нәбиуллин, полиция аға лейтенанты:

Түскі сағат 15-тер шамасында қалалық прокуратурадан кеңсеге келе жаттым. Күмісбеков көшесі бойында адамдар жиналып қалыпты. Не болғанын білмекке бардым. Сөйтсем, кәріз құдығына қарт кісі мен жас бала түсіп, шыға алмай тұр екен. Бірден құтқаруға талпындым. Әріптестерім де келіп қалды. Құдықтың тереңдігі 3 метр шамасында.

Ең бастысы - құдыққа құлаған екеу дін аман. Ал Жаннат Нәбиуллин болса, сол күнгі әрекетін «ерлік» деп санамайды. «Бұл азаматтық, әрі қызметтік парызым» деген пікірде.

Жаннат Нәбиуллин, полиция аға лейтенанты:

Кейбіреулерге оның маңызы бар шығар. Бірақ мен үшін ол бар болғаны қызметтік міндетім.

Сарыарқа аудандық ІІБ ерлік жасаған полицейді мемлекеттік марапатқа ұсынып отыр.

Нұрбек Әліпов, Сарыарқа аудандық ІІБ тергеу бөлімінің басшысы:

Оның бұл әрекеті ескеріледі. Біз оны мемлекеттік марапаттауға Астана қалалық ІІД-не ұсыныс жасадық. Қабыл алынды. Енді нақты қандай марапаттаудың болатыны министрлік тарапынан шешілуі тиіс.

Атасы мен немересі абайсызда құлап кеткен құдықтың беті қазір жабылған. Дегенмен, қала көшелерінде кәріз құдықтарының қараусыз, ашық-шашық жататыны жасырын емес. Бұл оқиға сондай салғырттықтың бір мысалы ғана.

Құралай ПИОНЕР