Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Кене шағып, дәрігер көмегіне жүгінгендер көбейді

AstanaTV
17.05.2016ж. 20:00
4608
Кене шағып, дәрігер көмегіне жүгінгендер көбейді

Елдің оңтүстігі мен шығыс аймақтарында кене шағу оқиғалары биыл әдеттегіден жиілеп тұр. Оңтүстік Қазақстанда кене тістеді деп дәрігерге шағым айтушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға артқан. Ал Шығыс Қазақстан облысында зиянкес жәндіктер мерзімінен бір айдай ерте оянған. Қан сорғыштарға шағым айтқан тұрғындар саны күн санап артып барады. Абырой болғанда, адамдар аман, есесіне, кененің шағуынан төрт түлік өліп жатыр. Кенелердің әлегі жайлы Айзада Төребекқызы тарқатады.

Шығыс Қазақстанда медициналық қызметтің көмегіне күн сайын ондаған адам жүгінеді. Жаз шықпай жатып, кене тістеді деп шағым айтушылар саны екі мыңға жуықтады,- дейді дәрігерлер.

Сайран Айдарбекова, ШҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы: 

Биыл кенелер тым ерте шабуылға шықты. Зиянкес жәндік шаққандардың саны артуының себебі де осы. Ал олардың ауру тарататын немесе таратпайтынын адамдар өз бетінше анықтай алмайды. Ол арнайы зертханада ғана тексеріледі.

Қансорғыштар әсіресе табиғат аясы мен жайылым жерлерде көп кездесетіні белгілі. Негізінен төрт түлікке үйір келетіндіктен, олардың сүтіне дейін зиян келуі мүмкін дейді мамандар. Қауіпті жәндіктер биыл оңтүстікте де белсенді.

Балкүміс Мұсаева, ОҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы:

Бүгінгі таңға облыс көлемінде 2072 кене шағу жағдайлары тіркелді. Былтырғы жылдың осындай мезгілінде 1340 болатын. Кене шағу жағдайлары 54,6 пайызға көбейген. Кене шағу әртүрлі жағдайларда болып отыр. Сонымен қатар  бүгінгі таңға облыс көлемінде  конго қырым қанды қызбасы ауруы тіркелген жоқ.

Алайда бұл қауіп жоқ дегенді білдірмейді дейді мамандар. Мәселен, оңтүстікте осы жылдың өзінде қора-жайлар мен төрт-түліктен 13 мыңнан астам жәндік алынып, тексеруге жіберілген. Оның 62-сінен қырым қанды қызбасының белгілері табылды.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Кене шаққан жағдайда, алғашқы үш тәуліктен кешікпей дәрігерге қаралу қажет, дейді мамандар. Өйткені қансорғыштар қырым қанды қызбасынан бөлек тағы бірнеше қауіпті кеселді таратушы болып табылады. Тіпті кісі өліміне дейін алып келеді. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы алты жағдай тіркеліп, екі адам кенеден келетін кеселден көз жұмған болатын.

Оңтүстік Қазақстан облысында кенеге қарсы дәрілеу шараларына қазынадан бөлінетін қаржы көлемі ұлғайған. Бұл мал басы мен қора-жайлар санының артуымен байланысты.

Базарбек Омаров, ОҚО ауыл шаруашылық басқармасының ветеринария  жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы:

Биылғы жылы ауа райы жауын-шашынды болды. Ол енді дәрі шашқаннан кейін дәрінің өзінің мерзімі бар, тұрақты малдың денесінде болуы керек. Өзі 45-60 күнге дейін ол дәрі денесінде жүру керек. Қорада дәрілердің бәрі орнында қалуы керек. Ал жауын-шашынды болғаннан кейін оның әсері де болмауы мүмкін.

Кенелер негізінен шөптесін жерлерде жиі кездеседі. Төтенше жағдай қызметкерлері мен медицина өкілдері қауіпсіздік шараларын сақтауды, әсіресе табиғат аясына шыққанда абай болуды ескертеді.

Ал денеге жабысқан кенені жұлып тастауға болмайды. Оны арнайы жұлғышпен немесе май құю арқылы алу қажет. Сонда оның тұмсығы адам денесінде қалып қоймайды. Алынған жәндікті өртеп жіберу керек, деп кеңес береді мамандар.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ