Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қызылжарлық диқандар егін егу науқанына кірісті

AstanaTV
17.05.2016ж. 20:00
1898
Қызылжарлық диқандар егін егу науқанына кірісті

Қызылжар өңіріндегі диқандар биыл соя егуді қайта қолға алды. Қазір аймақта 4 миллион 400 мың гектардай жерге ырыс дәні егілмек. Оның 70 пайыздан астамы - дәнді дақылдар. Шаруалар бұл жолы күздік егістің үлесін 10 есе арттырған. Яғни былтырғы жылдың тамыз айында 47 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар себіліпті.

Аймақ кәсіпкерлері жыл сайын жаңа дақылдарды егіп, одан мол өнім алудың жолдарын қарастырып келеді. Мәселен, соңғы жылдары жасымықты өсірудің қыр-сырын меңгерген. Ал биыл соя егуді қайта жандандармақшы. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаровтың айтуынша, өңір диқандары тұқым қорымен жүз пайыз қамтылған. Себіліп жатқан 490 мың тонна бидайдың 95 пайызы 1-2 сұрыпты.

Қазір көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Ауа райы қолайлы болса, егіс науқаны 3 аптада бітеді. Еске салсақ, өткен жылы толассыз жауған жаңбырдың кесірінен егін егу жұмыстары маусымның ортасына дейін созылған болатын.

Қайрат Омаров, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Әзірге күн райы қолайлы болып тұр. Біз соны пайдаланып қалғымыз келеді. Шаруашылықтар сұйық отынмен толық қамтылды. 65 мың тонна арзандатылған жанармай ұсындық. Қазір өңірде 1140 егін егу кешені жұмыс істеп жатыр. Бұл науқанды уақытында бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.

Абзал ҚҰРМАНКИН