Украина Ресеймен шекарасын қайта
белгілеуге кірісті. Жаңа биліктің мұндай шешімі жайлы Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Андрей Парубий мәлімдеді. Жаңа билік бұл шара міндетті деп отыр. Яғни осындай қадамға бармасақ, елдің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келеді дейді. Украина үкіметі шекараның инженерлік-техникалық құрылымын жасауды ойластырып жатыр. Парубийдің сөзінше, арнайы ғимараттар құрылысы мен өзге де
нысандар Ресей-Украина шекараларының барлығында болады.
Еске салайық, бұған дейін ресми Киев Ресеймен шекараны бірнеше рет
жабу туралы бастама көтерген.
Ал Луганск және Донецк
облыстарындағы қарулы операция барысында, ресми дерек
бойынша, 210 адам қаза тапты.
Андрей Парубийдің сөзінше, қайта белгілеудің басты мақсаты - Украинада толастамай жатқан қақтығастарға нүкте қойып, елде бейбітшілік орнату.
Андрей Парубий, Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы:
Біздің мақсатымыз соғыс емес, бейбітшілік орнату. Бүлікшілер мен Ресей тыңшыларын қаруларын тастауға шақырамыз. Олар сол кезде ғана біздің елден аман шыға алады. Осыдан кейін біз тұрақсыздық пен қарулы қақтығыс орын алған елді мекендердің халқына қолдау бере аламыз.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ