Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қазақстан бойынша диктантқа он мыңдай адам қатысты

AstanaTV
18.05.2016ж. 20:00
1858
Қазақстан бойынша диктантқа он мыңдай адам қатысты

Бүгін ел аумағында он мыңға жуық адам партаға отырып, бір мезетте қазақша диктант жазды. Елбасы бастамасымен қолға алынған "Мәңгілік Ел" патриоттық актісіне арналған жалпықазақстандық шара қалың бұқара тарапынан кеңінен қолдау тапқан. Көпшілікпен бірге "Астана" арнасының тілшілері де зор ықыласпен ана тілімізде диктант жазып көрген еді. Еркін Карин баяндайды.

Жалпы қазақстандық ашық диктантқа кез-келген адам қатыса алады. Олардың ешқайсысына ешқандай шектеу қойылмайды. Тек ішке кірер кезде мынадай шағын сауалнама толтырады. Өзінің аты-жөні мен ұлтын және қай саланың өкілі екендігін көрсетеді. Содан кейін диктантқа қатысып, өзінің білімін тағы бір мәрте сынап көре алады.

Қазақша тіл сындырғанына бір жылдан енді асқан Юлия Дуюнова бүгінгі диктантқа оқушысын да ала келіпті. Бастауыш сынып мұғалімі үшін мемлекеттік тілде диктант жазу соншалықты қиынға түскен жоқ. Елдің бірлігін нығайтатын мұндай шаралар аса қажет дейді өзі.

Юлия Дуюнова, оқытушы:

Мен қазақ тілінде диктантты бірінші рет жазып тұрмын. Ішінде қиын сөздер кездесті. Бірақ маған диктант ұнады.

Диктант еліміздің барлық аймақтарында бір мезетте басталды. Партаға жайғасқан қатысушылардың жас шамасы әр қилы. Аға буын өкілдері де, жастар да бар.

Құрманбек Жұмағали, Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз хатшысы:

Біз үштұғырлы тіл саясатын ұстанғанмен де, ҚР мемлекеттік тілі қазақ тілі ғой. Қазақ тіліне деген құрмет ерекше, ерекше орны бар. Қазақстан азаматтарының барлығының бұл міндеті, парызы.

Қала мен аудан-ауылдарда ұйымдастырылған шараға Оралда үш мыңдай адам қатысты. Ал,қазақша сауатын тексеруге құлшынған павлодарлықтардың қатары 5 мыңға жуықтайды. Олардың ішінде этномәдени бірлестіктердің мүшелері, мемлекеттік қызметкерлер мен мектеп оқушылары да бар.

Ашық диктанттың мақсаты - Қазақстан халқын топтастырушы фактор ретінде мемлекеттік тілдің рөлін нығайту. Сондай-қ, қатысушылардың қазақ тілін білу және сауатты жазу деңгейін тексеруге мүмкіндік беру. Өйткені қазіргі қоғам үшін сауатты болудың маңызы орасан, - дейді шараның басы-қасында жүргендер.

Бекзат Смағұл, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қызметкері:

Сауаттылық төмендеп келе жатыр. Тіпті ағылшын сөздері де, барлығы қысқарып келе жатыр. Біздің қазақ тілінде қазақ қаріптері көп пайдаланбайды. Өйткені орысша оңай. Телефонда болсын, әлеуметтік желілерде пайдалану. Бұл шара халықты қоғам ретінде жұмылдыру.

«Мәңгілік ел» тақырыбын қамтыған ашық диктант Оңтүстік Қазақстан облысында 13 жерде ұйымдастырылды. Қатысушылар бүгінгі тақырыптың ауқымы кең болғанына тоқталды.

Балнұр Жұмабекова, ОҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ  бөлім басшысы:

Бізде мемлекеттік тілді қолдану аясы өте кең және де жастардың арасында болсын, қызметкерлер арасында болсын, қазақ тілі бізде өте жақсы қолданысқа енгізілген. Сол себепті жоғары деңгейде өтеді деп сенеміз.

Ашық диктанттың қорытындысы бірнеше күннен кейін жарияланады. Ал ұйымдастырушылар бұл бастаманың келешекте дәстүрлі шараға айналарына сенімді. Өйткені халықтың қызығушылығы жоғары деп отыр.

Еркін КАРИН