Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

ЭКСКЛЮЗИВ: Ақтау халықаралық теңіз порты арқылы мұнай тасымалы азайып жатыр

AstanaTV
25.11.2015ж. 20:00
1716
ЭКСКЛЮЗИВ: Ақтау халықаралық теңіз порты арқылы мұнай тасымалы азайып жатыр

Ақтау порты ең ірі тасымалдаушысынан айырылды. «Теңізшевройл» компаниясы Ақтау арқылы мұнай экспортын шілде айынан бері біржола тоқтатты. Бұл туралы біздің арнаға берген сұхбатында «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясының» бас директоры Марат Орманов айтты. 


Оның сөзіне сенсек, ТШО мұнайы шілде айынан бері Каспий теңізі арқылы тасымалданбай жатыр. Салдарынан мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдаушы негізгі оператор жұмысшыларының санын 20 пайызға қысқартқан. Өткен жылы порт арқылы 6 млн тонна мұнай тасымалданса, биыл бұл көрсеткіш 3,5 млн тоннаға да жетпейді, - дейді Марат Орманов. 

Марат Орманов, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы» АҚ бас директоры:

ТШО мұнай мөлшерін мүлдем тоқтатты. Нөлде тұрмыз. «Теңізшевройл» биылғы шілдеден бері теңіз арқылы жүріп жатқан жоқ. ТШО барлық ауқымын Каспий құбыр желісіне қарай бұрды. Бүгінде бізде ешкім қалған жоқ деуге болады. Біз енді жеке компнаияларды іздеп жатырмыз. «Маңғыстаумұнайгазды» теңіз арқылы шығуға көндіруге тырысып жатырмыз. Бір кездері жүк тасымалдаушылар біздің соңымыздан жүгірсе, қазір біз олардың соңынан жүгіретін заман болды.


2016 жылы тасымал көлемі 2 млн тонна болмауы мүмкін деген болжам бар. Салдарынан мұнай компанияларына қызмет көрсету саласының да жағдайы қиындай түспек. Күні кеше ғана энергетика министрі Владимир Школьник осы салада 40 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін екенін айтқан еді. Ал сервистік компаниялар одағының басшылығы бұл саланы мүлдем жоғалтып аламыз ба деп алаңдайды.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай-газ және тау-кен саласы сервистік компаниялар одағы төралқасының төрағасы:

Бұл қарқынмен кете берсек, біз тек қана адамдарды жұмыссыз қалдырмаймыз, біз мұнай-газ саласына қызмет көрсету саласын жоғалтамыз. Өйткені бұл салада жылына айналып жатқан ақша 10-12 млрд доллар. Мысалы норвежестер қазір қызмет көрсету мұнай-газ саласына қызмет көрсетуді экспорттап отыр. Олар қазіргі өздерінің өндіріп отырған мұнайынан қызмет көрсету компанияларының әкеп отырған пайдасы екі есе артық.

Ақтау халықаралық теңіз портына барып келген әріптесім Айгүл Әдепбайдың арнайы репортажын осы сенбі «Біздің уақыт» апталық сараптамалық бағдарламасынан көре аласыздар.

Айгүл ӘДЕПБАЙ