Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Сенегал Республикасы ЭКСПО көрмесіне қатысады

AstanaTV
20.05.2016ж. 20:00
1402
Сенегал Республикасы ЭКСПО көрмесіне қатысады

Сенегал Республикасы халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға ниетті. Қазақстанға ресми сапармен келген Сенегал президенті Маки Салл Ақордада өткен кездесуден соң осылай деп мәлімдеді.

Ол Елбасының БҰҰ аясында халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бірыңғай жаһандық желі құру туралы идеясын қолдайтынын айтты. Келіссөздер барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени салалардағы маңызды мәселелерді талқыға салды. Сонымен қатар тараптар лаңкестікпен күресте күш біріктіруге уағдаласты. Нұрсұлтан Назарбаев Маки Саллдың Сенегалға шақыртуын қабылдады. Сапар мерзімі кейін белгілі болмақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Миллиардтаған халқы мен 300 млн шаршы шақырымнан астам аумақты алып жатқан Африка құрлығы біздің жер шарының қоры іспетті. Дамып келе жатқан жас құрлық алда одан сайын дами түседі. Сондықтан Қазақстанға осы аймаққа дер кезінде барып, әріптестігімізді кеңейту керек. ХХІ ғасырда бұл құрлықтың болашағы зор деп ойлаймын.

Маки Салл, Сенегал президенті: 

Орталық Азия мен одан тысқары жердегі сіздің көшбасшылығыңызды атағым келеді. Дипломатиялық, саяси және экономикалық қызметіңіз осы аймақтардың аумағынан асып кетеді. Астана - сіздің еңбегіңіздің жемісі. Мен арқылы Қазақстанмен әріптестік орнатқысы келетін Африкадағы өзге де елдерді қабылдасаңыздар деймін.

Айгүл ӘДЕПБАЙ