Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Жер реформасына қатысты call-орталық бір аптада 700 қоңырау қабылдаған

AstanaTV
19.05.2016ж. 20:00
1486
Жер реформасына қатысты call-орталық бір аптада 700 қоңырау қабылдаған

Жер реформасы жөніндегі комиссия жанынан құрылған call-орталық бір аптада 700 қоңырау қабылдады. jerturaly.kz сайтына да өтініштер түсіп жатыр. Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Жер реформасы жөніндегі комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев осындай жаңалығымен бөлісті. Комиссия жұмысы басталғалы бергі бір аптаның жұмысын қорытындылаған комиссия басшысы, алға қойылған бірқатар тапсырмалардың орындалғанын айтты. Комиссия хатшылығы да өз жұмысын бастады. Құрамында 75 адамы бар комиссия Астанада 3-4 жиын өткізген соң, аймақтарға шығып, көшпелі отырыстар өткізуді жоспарлаған. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары: 

Қазір бізде call-орталық жұмысын бастады. Телефон нөмірі - 1434.  Ол нөмірді де өткен сенбіде айтылған болатын. Бүгнгі күнге дейін сол күннен бастап 700-ден астам ұсыныс барлық өңірден келіп түсті. Оған қоса жер туралы кз сайты жұмысын жүргізіп жатыр. Бүгінгі күнде 30-дан астам ұсыныс келді. Келіп түскен әрбір сұрақ сараптан өткізіледі. Комиссия құзыретіне жатпайтын мәселелер болса, қажетті құзыретті органдарға жіберілетін болады. Яғни әрбір келген ұсыныс қараусыз қалмайды.

Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов ведомство жанынан жер ресурстарын реттейтін комитет құрылғанын хабарлады. Арнайы штабтың да жұмыс бастағанын еске салды. Келіп түскен арыз-өтініштердің 90 пайызы жерді қолдану мен кепілді несиелендіруге қатысты. 

Асқар Мырзахметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Жеке меншік жері бар азаматтар да хабарласып алаңдаушылық білдіріп отыр. Бізге кезінде уәде берілді, біз жерді пайдаланып жатырмыз, жеке меншікке алып жұмыс жасап жатырмыз, енді болмасын дегенді біз қалай түсінуіміз керек, деген алаңдаушылықтар барын айтқым келеді.

Жерге қатысты сұрақтар бойынша азаматтар «Нұр Отан» партиясына да жүгіне алады. Партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамедтің айтуынша, комиссия мүшелері аймақтарға шығып, өзекті сұрақтарды шаруалармен бірлесе талқылайды. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ