Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Жарылғыш заттарды жасырған күдіктілер ұсталды

AstanaTV
20.05.2016ж. 20:00
1590
Жарылғыш заттарды жасырған күдіктілер ұсталды

Алматыда 5 күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Олар пәтерлерінде заңсыз қару сақтап, тамызық ретінде дайындалған қоспасы бар құтылар мен арматура қиындыларын көшеде қалдырған. Ұсталғандардан сұрақ-жауап алынды және ол азаматтармен байланысы барлар іздестірілуде. Бұл туралы Алматы қалалық ішкі істер департаментінің ресми өкілі мәлімдеді.

Бүгін таңертең қала тұрғындарынан ақпар жетісімен, полиция Байсейітова көшесі аймағын, Абай даңғылынан жоғары аумақ пен Республика алаңына дейінгі аралықты қоршауға алған. Арнайы операция кезінде Бостандық және Алмалы аудандарында орналасқан пәтерлерден Макаров тапаншалары, бірнеше шолақ мылтық пен оқ-дәрі, төрт РГД-5 гранатасы табылған. Сондай-ақ, қару-жарақтың жанында бес миллион теңге бар екені анықталды. 

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің ресми өкілі:

Аталмыш факт біріңғай реестрде Қылмыстық кодекстің 287 бабы бойынша тіркелген болатын.  Қылмыстық іс қозғалды. Бұл қылмысқа қатысы бар 5 азамат сезікті ретінде ұсталды. Олар ішкі істер органдарына жеткізіліп, қазір сұрақ-жауап алу процедурасы жалғасу үстінде. Сонымен қатар айтатынымыз, Алматы қаласында ахуал қазір жіті бақылау үстінде. Қала азаматтарына қандай да бір оқыс немесе қылмыстық әрекеттердің куәсі болатын болсаңыздар, біреуге күдігіңіз бар болатын болса, міндетті түрде 102 телефонына хабарлап, мәлімет етуіңізді сұраймыз.

Осы жағдайдан кейін Алматы қаласының тәртіп сақшылары күшейтілген жұмыс режіміне көшті. Қаладан шығатын барлық бекеттерде, шахармен шекаралас аумақтарда полицейлер саны артқан. Қаладағы бейнебақылау камераларынан түскен ақпараттар да жіті тексерілуде. Оңтүстік Астанадағы қоғамдық тәртіпті бақылауға бүкіл күштік құрылымдар жұмылдырылады.

Айгүл ЕРМАХАН