Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

«Bek Air» әуе компаниясына Батыс Қазақстан облысы әкімі талап қойды

AstanaTV
05.01.2016ж. 20:00
1230
«Bek Air» әуе компаниясына Батыс Қазақстан облысы әкімі талап қойды

Ал Батыс Қазақстан облысының әкімі «Bek Air» әуе компаниясына талап қоймақ. Ол Оралдағы әуежайдың халықаралық талаптарға сай жөнделуі тиіс деп отыр. Бұл туралы Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде айтты. Өйткені талай жылдар бойы жөндеу көрмеген әуежайдың бас ғимараты «Bek Air» компаниясына тиесілі.

Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Әуежайдың ғимараты «Bek Air» компаниясының меншігінде. Сондықтан біз жеке компанияның алдына нысанды жөндеуден өткізіп, халықаралық талаптарға сай келтіруді талап етіп отырмыз. Мемлекет өзінің міндетін орындады, ұшу-қону алаңын жөндеуден өткізді. Келесі кезек компанияда.

Ал Березовка, Бестау ауылының тұрғындарын көшіруге қажетті қаражатты «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы бөлмек. Бұл ақпаратты әкімдіктің баспасөз қызметі таратты. Сондай-ақ өтемақы төлеу де солардың мойнында. Өйткені компания Оңтүстік санитарлық аумағын ұлғайтпақ. Ал бұл сызыққа қос ауыл кіреді. Әкімдік тек үйлестіру рөлін атқарады. Көш биыл аяқталады деп сендірді әкім. Ал, өтемақы алуға ауылдың барлық тұрғыны құқылы екен.

Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Осы қос ауылда құжат бойынша тіркеуде болып, бірақ тұрмаған тұрғындар да өтемақы ала алады. Тіпті, бұрындары тұрып, кейін көшіп кеткен азаматтарға да өтемақы беру қарастырылады. Бір адамға жаңа 15 шаршы метрден тиесілі. Сонымен қатар, ауладағы түрлі нысандар үшін де әр отбасы 5 миллион теңгеге жуық қаржы алып жатыр.

Еске салайық, бұл ауылдың тұрғындары 2014 жылдан бастап белгісіз себептермен естерінен танып, жүзге жуық адам ауруханаға түскен болатын.

Берік ХАСЕНОВ