Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Сарапшы: Иран мен Сауд Арабиясы арасында соғыс болмайды

AstanaTV
05.01.2016ж. 20:00
2755
Сарапшы: Иран мен Сауд Арабиясы арасында соғыс болмайды

Жыл басталмай жатып Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынасқа үлкен сызат түсті. Қазір екі ел дипломатиялық байланысты мүлдем үзген. Эр-Риядтың жақын серіктестері бірінен соң бірі өз елшілерін қайтарып жатыр. Бахрейн мен Суданнан кейін, Кувейт те солай етті. Мұның бәріне саудия түрмесінде шиит уағыздаушының өлім жазасына кесілуі себеп болды. Саудиттердің әрекетіне Иран бірден қарсы шыққан. Қазір бұл жағдай бүкіл Таяу Шығысты шарпыды. Мөлдір Бақытқызы тарқатады.

Пәкістан, Индия, Ирак. Уағыздаушы Нимр Бәкір әл-Нимрдің Саудия түрмесінде өлім жазасына кесілгеніне шейіттер осылайша қарсылық танытуда. Тегеранда тіпті ашуға булыққан топ Сауд Арабиясының елшілігін талқандады. Ешкім зардап шеккен жоқ, дипломаттар қашып үлгерді. Алайда, көп ұзамай ресми Эр-Рияд Иранға ұшатын әуе рейстерін түгел тоқтатты. Елшілік қызметкерлерін жұмыстан қуды. 

Адель Әл-Джубейр, Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі:

Біз Иранмен дипломатиялық қарым-қатынасты үзетін болдық. Сұмдық жағдай. Біздің елшілікке халықаралық конвенцияға қайшы шабуылдады. Аймақтағы тұрақтылық пен елге қауіпті жағдай туғызуға Иранға жол бермейміз.

Ислам Республикасы керісінше Сауд Арабиясы арандатушы деп есептейді. Елдің сыртқы істер министрлігі уағыздаушы мен 47 адамды өлім жазасына кесу - орны толмас қателік, дейді. Қарапайым ирандықтар да ашулы. Олар былтырғы Меккедегі жүздеген ирандықтың қазасын еске алды.

Елшілікке жасалған шабуылға шыдамаған шығар. Меккеде қаза болған біздің қажылар туралы ұмытпасын. Бұл шешім арқылы олар дүйім елге не дәлелдегісі келгендері түсініксіз.

Саудиялықтар Иран қоқан-лоқыға төзеді деп ойламасын. Иран жастары Саудия түгел, Израиль мен Американың қорқытып-үркітуіне жол бермейді.

Аты аталған Сауд арабиясының жақтастары Тель-Авив пен Вашингтон бір жақты пікір білдірген жоқ. Ақ үй Эр-Риядты жақтауға асықпайды. Сирия бойынша келіссөздердің жоққа шығуынан қорықса керек. Оған қоса өткенде ғана Иран АҚШ пен Ресейдің өтнішімен Вана процесіне шақырылған.

Джош Эрнест, Ақ үйдің ресми өкілі:

Саудтар да, Иран да сабырға келуі керек. Біз Сирия мәселесін шешуге тырысып жатырмыз. Егер бір біріне кінә артып отырса, барлығын бір үстел басына жинау қиынға соғады.

55 жастағы Нимр Әл Нимрдың өлімі аймақтағы шейіттер үшін ауыр соққы болды. Оның уағыздарын миллиондаған адам тыңдайтын. Нимра мен қоса тағы 47 адам содырларға болысқаны үшін айпталған. Ол Сауд Арабиясының қазіргі билігіне ашық қарсылық білдіретін.

Нимр Бакр әл-Нимр:

Мен өзімді бұл елде ешқашан қауіпсіз сезінген жоқпын. Біз түрмеге қамалғандарды қорғауды жалғастырамыз. Оған ешкім бөгет бола алмайды.

Мұнайлы қос мемлекет талайдан тайталасып келеді. Тараптар дипломатиялық қарым-қатынасты 80 жылдары да үзген. Бірақ ұзаққа бармады. Иран да, Сауд Арабиясы да ислам әлемінде жетекші елге айналғысы келді. Жылдарға созылған санкция кесірінен Иран аяққа тұра алмаса, қазір жағдай өзгерді. Саясаттанушылар, саудиттерге одақтастарына үміт артудың қажеті жоқ, деп санайды.

Рүстем Бурнашев, саясаттанушы:

Мұны Иран мен Ирак арасындағы жағдаймен салыстыруға болады. 80-ші жылдары ұзаққа созылған оппозициялық соғыс болған. Кішігірім жеңістер мен жеңілістер болуы мүмкін. Бірақ стратегиялық міндеттер шешілмейді. Әрине, одақтастар болады. АҚШ қару-жарақ жеткізу, тағысын тағы.

Эр-Рияд пен Тегеран арасындағы қақтығыстан мұнай бағасы сәл-пәл өсті. Бүгін таңертең Brent 37 шартты бірлікке бағаланса, WTI 36 долларға жетті. Айтпақшы, бүгін Кувейт те Тегерандағы елшісін елге қайтарды. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ