Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Америкада ажал құшқан жетімдер - Қазақстан азаматтары

AstanaTV
29.02.2016ж. 20:00
2924
Америкада ажал құшқан жетімдер - Қазақстан азаматтары

Америкада өгей әке қолынан қаза тапқан жасөспірімдер Қазақстан азаматтары болып шықты. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігіне қарасты Балалар құқықтарын қорғау комитеті хабарлады. Қазақстаннан асырап алынған балалар 16,18 жаста болған. Өгей әке екі ұлы мен әйелін атып өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсайды. Мұхит асып кеткен балалардың тағдыры неге қадағаланбайды? Айгүл Әдепбай мән-жайды білуге тырысты. 

Жетімдерімізді атып өлтірген шетелдіктер қаракөздерімізді 2002 жылы Көкшетаудан асырап алған. Қазақстаннан кеткенде олар 5 және 3 жаста болған. Олардың тірлігіне қатысты есеп бір жылдан соң, 2003 жылы беріледі. Одан соң іздеушісі жоқ балалардан хабар да үзіледі. Америка заңдылығы бойынша жеке адамның өміріне қол сұғуға болмайтындықтан, шара қолдана алмағанбыз.

Зәбира Оразалиева, Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы:

Шара қолдана аламаймыз. Өйткені Гага конвенциясына кейін қосылдық. 2010 қосылғанда ғана 2012 ж отбасы жайлы кодекс қабылданып, содан кейін ғана талаптар заңдастырылған болатын. Олар Қазақстан азаматы болған, кәмелет жасына толмаған және біздің азаматтықтан айырылмаған.

Көктиев Тимур Даниярұлы 1997 жылы туылған. Америкадағы есімі - Тори Карлсон. Ал 1999 жылы туылған Куинн Карлсонның азан шақырып қойған аты - Әбдрахманов Дамир Дулатұлы. Қара көздерімізді Терри және Лана есімді АҚШ азаматтары 14 жыл бұрын асырып алған. Балаларды қырып салған - асырап алған әйелдің екінші күйеуі. Ажал құшқан Тимур Көктиев, яғни Тори Карлсон кулинар болуды армандаған. Бремертон колледжінде соңғы курста оқыпты. Диплом алып шыққан соң, өзі дайындаған тағамдарын сататын бизнес ашуды жоспарлаған. Щучинск балалар үйінің басшылығы екі баланың денсаулығына қатысты ақпарат берді.

Светлана Мұқарамова, Щучинск балалар үйі бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

Тимурдың көзінде астигматизм болатын. Ол бала күнінен, 6-7 жасынан көзілдірік тақты. Бірақ даму жағынан барлығы дұрыс болатын. Ал Дамир невропатологта тіркеуде тұрды. Психологиялық және тілінің дамуында кешеуілдеген үрдістер болды. Бірақ мүгедек емес еді. Өкінішті, қалай болғанда да, олар біздің балалар еді.

1999-2012 жылдарда АҚШ азаматтары 6609 қаракөздерімізді асырап алған. Бірақ 2012 жылдан кейін Америкаға бала беру уақытша тоқтатылған. Америкалықтар қаракөздерімізді мұхиттан асырып алып кеткен соң, олардың тірлігі жайлы есеп беруді доғарады екен. Бүгінде 236 баланың қандай жағдайда екені белгісіз. Егер америкалықтар осы балаларға қатысты есеп берсе, оларға қазақ жетімдерін асырап алуға тағы да рұқсат етілуі мүмкін. Өйткені бұған әлі де тыйым салынбаған.

Айгүл ӘДЕПБАЙ