$527.3 €544.86 ₽4.95
×

Кеншілер ереуілінен кейін «Майқайын Алтын» компаниясындағы еңбек ахуалы тексеріледі

AstanaTV
26.08.2014ж. 20:00
2178
Кеншілер ереуілінен кейін «Майқайын Алтын» компаниясындағы еңбек ахуалы тексеріледі

Бүгін «Майқайын Алтын» акционерлік қоғамының бір кеніші жұмысын тоқтатты. «Алпыс» тау-кен кәсіпорынның уақытша жабылуына, Павлодар облыстық еңбек басқармасы жүргізетін кешенді тексеріс себеп болды. Арнайы жасақталған комиссия еңбек заңы нормаларының қаншалықты орындалып отырғанын анықтауға кірісті.

Еске салсақ, осыдан бір апта бұрын «Майқайын Алтын» кәсіпорнының бір топ жұмыскері жағдайларының нашарлығын айтып, ереуілге шықты. Еңбеккерлердің тең жартысы бірнеше күн бойы шахтадан шығудан бас тартса, енді бір бөлігі ауысымға келуге асықпады. Айтуларынша, кеніштегі ахуал сын көтермейді. Әсіресе, жұмыс орнының қауіпсіздігі мен еңбекақы көлемінің төмендігі оларды әбден мезі қылған.

Жағдайды тұрақтандыру үшін компанияның өзі кеніште тексеріс жүргізуді сұрап, еңбек басқармасына өтініш түсірген. Кешенді аудит алдағы екі аптаға жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде комиссия өкілдері заң бұзушылықтардың барын анықтағанын айтады. Алайда оның нақты қорытындысы жұмыс аяқталған соң жарияланбақ.

Данияр Әкижанов, Павлодар облыстық еңбек басқармасының бөлім басшысы:

«Алпыс» кәсіпорнының жұмысы әзірге тоқтатылды. Жұмыскерлерге аванс берілді. «Майқайын Алтын» АҚ тексеріліс толығымен жүргізіліп жатыр.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ