Онлайн кассалық бақылау
қондырғысын орнатуды кейінге шегеру керек. Алматыдағы кәсіпкерлер палатасының өкілдері
осындай ұсыныс айтып отыр. Олар кәсіпкерлердің жаппай онлайн аппарат орнатуы
жүйенің істен шығып, қондырғы дефицитіне әкелуі мүмкін деген пікірде.
Кәсіпкерлер жаңа талаптан неге хабарсыз болып шықты? Тілші тарқатады.
Осылайша кәсіпкерлердің табысы
қатаң бақылауға алынды. Яғни енді көлеңкелі бизнес жүргізіп, шынайы табысын
жасырып қалуға кәсіп иесінің мүмкіндігі жоқ. Себебі қаржы министрлігі интернет
арқылы қаржы операцияларын жіті бақыламақ. Мамандар бұл бюджетке салықтан
түсетін ақшаны еселеуге көмек беруі тиіс, дейді.
Алтай Қыдыров, ҚР Қаржы
министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің бас сарапшысы:
2015 жылдың 30 желтоқсанында ҚР
Үкіметінің 1129-шы қаулысымен міндетті түрде деректерді беру және тіркеу
функциясы бар бақылау кассаларын қолдануы міндеттелетін жекелеген қызмет
түрлері бекітілді. Оған интернет пайдаланылады.
Бұл қонақүй, мейрамхана,
шаштараз және бөлшек сауда жасайтын дүкендерге тікелей қатысты. Бірақ
кәсіпкерлердің жаңа талапты орындағасы жоқ. Себебі интернет арқылы бақылау -
аталған кәсіп иелерінің қызметін біржола бұғаттаумен тең, дейді олар. Жаңа талап қабылданарда мемлекеттік кіріс
комитеті алдын ала ескерту жасамаған. Осыны алға тартқан кәсіпкерлер палатасы
оның қайта қаралуын талап етпек.
Бекежан Құнтаев, Алматы қалалық
кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
Бұл
жерде қиындық байланыстан шығатын шығар. Мәселен, интернет істемей, ақпарат
алмасу дер кезінде орындалмай қалса, онда жұмыс тоқтайды. Бұл есеп беруде біраз
қиындық туғызады, аппарат та мүлдем істемей қалуы мүмкін. Одан кейін құрылғының
бәріне бірдей жетпесі анық. Бірінші кезеңнің өзі осыған көз жеткізген еді.
Әзірге
елдегі мейрамхана мен кафе, шаштараз, қонақүйлер ескі кассалық-аппараттармен
жұмыс істеп жатыр. Тіпті арасында онлайн құрылғыны қою керектігін әлі естімегендер
де бар.
Ерболат
Құсайынов, мейрамхана менеджері:
Біздің
дәмхана салық нормасына сай барлық талаптарды басшылыққа ала отырып жұмыс істеп
келген. Чек шығаратын аппараттарымыз да бар. Картамен есеп айырысу үшін де
пост-терминалдар қойылған. Жаңа талап туралы ешкім хабар берген жоқ.
Бүгінде кассалық аппарат орнатуы тиіс 30 мыңға
жуық компания тізімде тұр. Жанармай бекеттері мен алкогольді өнімдер сататын
дүкендер жаңа құрылғыны орнатуға былтыр міндеттелген. Яғни мемлекеттік кіріс
комитеті қазір олардың күн сайынғы табысын онлайн жүйе арқылы қадағалап отыр.
Ал бұл жолы қатарға қосылғандарға түсіндіру шарасы жыл соңына дейін жасалмақ.
Оған көнгісі келмегендерге айыппұл салынады. Онлайн касса нәтиже берсе, ұялы телефон арқылы
басқарылатын веб-кассаларды да іске қосу жоспарда бар.
Құралай
ПИОНЕР