Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

«Өзге пікір»

AstanaTV
09.01.2016ж. 20:00
2337
«Өзге пікір»

Қазір Марат Ерназарұлының «Өзге пікір» айдары.

Катер қымбат болмаса, қылмыскер ұстатпайды...

Ассалаумағалейкүм! Атыраулық полицейлер Каспийде жарықтың жылдамдығынан кем емес жылдамдықпен жүйткіп жүр. Олар браконьерлерді анау-мынау емес, құны 200 млн теңгеге жақын Италияда жасалған катермен қудалайды. Алайда  қымбат су көлігі Жерорта теңізінің жылы суына арналған көрінеді. Яғни салқын Каспийге жарамайды деп сынап жатыр сын көздер. Катерді атыраулық тәртіп сақшылары 2013 жылы сатып алған. Бірақ оның сыры енді ғана белгілі болды. Полицейлердің ысырапшылдығына наразы жұрт 200 млн теңгеге Орал кеме жасау зауытынан бірнеше отандық катер сатып алуға болатынын да есептеп қойған. Қымбат кеме жайы жария болып қалғасын, атыраулық полицейлер бюджет миллиондарын қалай шашқандарын түсіндіруге тырысты. Олардың айтуынша, браконьерлерге тек осы жүйрік катер ғана жете алады. Балық аулап қашқандарды топырлатып ұстап жатқан көрінеді. Соңғы екі жылда заңсыз ауланған 166 тоннадан астам балықты тәркілеп алған. Ал өзіміздің катерлермен қуса, қылмыскерлер полицейлердің бетіне су шашыратып, құтылып кетеді екен. 

Аноним:

Сол ақшаға жетімдерге пәтер алып берсе болар еді.

Аноним:

Шағын су асты қайығын сатып алу керек еді. Қуып не керегі бар? Браконьердің алдынан, су астынан шыға келіп, «тоқта, атам, көтер қолды», десе болды.

Аноним:

Не, осындай бір итальяндық VIP катердің арқасында браконьерлер азая қалған ба? Браконьерлерді прокуратура, ішкі істер министрлігі мен балық инспекциясының басшылары қорғаштағанын тоқтатқан кезде ғана азаяды. 

Аноним:

Ішкі істер департаменті мен әкімдікті қолдаймын, жыл сайын асфальт төсеп, жаңа бордюрді ауыстыра бергенше, катер алсын.

Аноним:

Жаз, жазба, одан ештеңе өзгермейді. Атыраулық шенеуніктер дүниені жалпағынан басып жүре береді.

 «Тарақандар: тату өмір сүрейік»...

Алайда дүниені жалпағынан басып жүрген браконьерлер ғана еместігін бәріміз білеміз. Сонымен бірге... тарақандар да. Тарақаны несі демеңіз! Өйткені дүниені жалпағынан басып жүргендерге «әй», дейтін «әже», «қой» дейтін «қожа» жоқ. Браконьерлер Каспийді кезсе, тарақандар Астана-Маңғыстау фирмалық поезында өріп жүр. Жыбырлауықтардан жиіркенген жолаушылар оларды видеоға түсіріп, ғаламторға салды. Тарақандар су ішетін ыдыстарды да аралап кеткен. Жүйкеңіз шыдаса, қараңыз:

Жолаушылар тасымалы» АҚ бірден ақталып, мән-жайды түсінідіріп бақты. Компания баспасөз қызметіне сенсек, вагондар қаңтардың 5-і күні дезинфекциядан өткен. Яғни «Жолаушылар тасымалы» «сүттен ақ, судан тазамыз» деген сыңай танытты. Сонда қаптаған жәндіктер қайдан келген?! Жолаушылар аяқ киімдерімен қаруланып, түнімен көз ілмеген. Ол тарақандар «суға салса батпайтын, отқа салса, жанбайтын» біреулерді еске түсіреді екен. Тіпті  Джордж Оруэллдің әйгілі сатиралық повесі «Мал фермасын» ойлап кетесің... Ой, кешіріңіздер, қиялдап кетіппін, жұрт пікірін тыңдайық: 

Ррр:

Тарақандардан құтылудың бірден бір жолы, вагондардың жылуын тоқтату керек. Суықтан өздері де қатып қалады. Мысалы, Арқалықта пәтерлеріміз суық, тарақандар арам қатты.

Кубрик:

Бұл әлемдегі ең сасық, ең лас «фирмалық» поезд.

КазаХ:

90-шы жылдар қайтып келді. Дағдарыс-Девальвация-Тарақандар.

Nurchik:

Бұл 100% ақтаулық тарақандар. Ақтауда олар дүкендерде, базарларда, аулаларда, үйлерде өріп жүр. Олардың арам қататын түрі жоқ, қайта мутациядан өтіп, үлкейіп барады.

Ужас:

Қайдан келген? Масқара! Осындай қызмет көрсеткендері үшін жолаушыларға өтемақы төлесін.

Өтемақы туралы ұсыныс дұрыс болғанымен, кім орындайды дейсіз. «Жолаушылар тасымалы» кешірім сұрап, «мұндай жағдай қайталанбайды» деп ант-су ішіп, құтылды. Айтарым осы. Ал сіз пікір білдіруден шаршамаңыз. «Өзге пікірге» сіздің пікіріңіз керек!