Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Байқоңырдағы «қоңыр» тіршілік...

AstanaTV
09.01.2016ж. 20:00
2233
 Байқоңырдағы «қоңыр» тіршілік...

Байқоңыр қаласында тұрақты тіркеуге тұру тауқымет. Ал тіркелмесең, жұмысқа орналаса алмайсың. Жұмысың болмаса, қандай тіршілік? Ит тірлік. Оның үстіне қысқартудан қысқарту. Қысқартылған адам баспанасын да босатып беруі керек. Тұйық шеңбер. Байқоңырдағы «бай» емес, «қоңыр» тіршілік туралы өңірдегі меншікті тілшіміз Шарипа Сақтапованың материалы.

Жұмыссыз қалғандардың бірі  - Анар Бөлекова, жалғыз басты ана.  Ресейлік ауруханада он жылдан астам уақыт медбике болып жұмыс істеген. Сол тұста үрей қысқанын жасырмайды. Әйтеуір аймақтағы жұмыспен қамту орталығының арқасында ақ халатын қайта киді.

Анар Бөлекова, Төретам кентіндегі емхананың медбикесі:

Әйтеуір қалада тұрсам да, осы Төретамға қатынап тұрамын, сондай алыс емес. Айлығым жақсы, қалаға қарағанда теңгемен аламыз. Алдында рубльмен алатын едік. Өзіме жеткілікті. Әлі қысқарту болып жатыр ғой, ертең тағыда болады дейді, қаңтардың басында, ай сайын болып жатыр ғой.

Былтыр  ресейлік мектептегі қазақстандық мұғалімдер де нәпақасынан айырылған.  Оларға қазақстандық мектептегі әріптестері қол ұшын созды.

Жұмагүл Тілеуқабылова, Байқоңыр қаласы № 277 қазақ орта мектебінің директоры:

9 мұғалім жұмысқа алынды. Қазір олар өздерінің мамандықтары бойынша жұмыс істеп жатыр.

Биыл ресейлік 12 кәсіпорыннан 409 қазақстандық қысқарған. Олардың 75-сі өз мамандығы бойынша Байқоңыр қаласы, Төретам, Ақай кенттеріне жұмысқа орналастырылды. Ал, қалғандарын арнайы бағдарлама бойынша қайта оқытып, не кәсібін ашуға қолдау көрсетілмек.

Зере Митерова,  Қармақшы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы:

300 миллион теңге қаржы бөлініп жатыр, соған шағын несие алып, өз кәсіптерінің бастауға тиісті жұмыстар жүргізіліп, қолдау көрсетіліп жатыр. Қызылорда қаласындағы мұнай өндеу шағын зауытынан 17 мамандық бойынша сұраныс келіп тұр.

Дегенмен, Қармақшы ауданы шенеуніктерінің дерегінше, ресейлік мекемелерде қысқарту биыл да жалғасады.

Шайхібек Сүйімбетов,  Қармақшы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Байқоңыр филиалының басшысы:

Хруничев атындағы ресейлік мекемеден 179 адам қысқартулар болады деп келді. Оның қазіргі уақытқа 53 адамы нағыз қысқартылып келіп тұр, қалғаны аусымды болып, 2016 жылы  қантардан бастап болады деп тұрмыз.

Қысқартуға ілінгендерді қырсық шыр айналдырып тұр. Жұмыспен қатар олар баспаналарынан айырылып жатыр. Жақсыгүл Жидебаева да  үш баласымен далада қалуы мүмкін. Ресейлік қонақүйлердің бірінде жұмыс істеген ол жуырда қысқартуға ұшыраған. Артынша "баспананы босатыңыз" деген ескерту қағаз алған. 17 жылдан бері тұрып келген баспанасын босатуға мәжбүр. Барар жері жоқ ол зар жылап отыр. Жақсыгүл сияқты жаман күйге түскен отбасы Байқоңырда жеткілікті.

Жақсыгүл Жидебаева,  Байқоңыр қаласының тұрғыны:

Уақытша тіркеуде тұрамыз, оны создыру үшін әр үш жыл сайын  бірталай құжат жинап, ресейлік шенеуніктердің алдына барамыз. Өз басым барлығына көнемін, бірақ балаларыма обал ғой. Олар Қазақстанның азаматтары, елдің болашағы. Бірақ еш жерде тіркеуде жоқ. Енді қайда барамыз?

Гүлайым Нұртаева,  Байқоңыр қаласының тұрғыны:

Басқа жаққа, басқа қалаға Қызылорда облысының кез-келген жеріне көшіп кетуге менің ешқандай жағдайым жоқ. Өйткені артымда жинап отырған ақшам жоқ осы тұрғанда. Мүмкіндігі болса тек осы Байқоныр қаласынан тұрақты тіркеу қағазын алсам деймін, пенсияға шықсам деймын. Балдарымды үйлендірсем деймын, балдарымның барлығы отыздан асқан жастары, арты жиырма беске келген-еш қайсысы үйленуге мүмкіндігі жоқ, сол екі бөлмелі тамда тұрып жатырмыз. Тұрақты тіркеу болмаса жұмысқа алмайды.

Бүгінде Байқоңырдағы мыңдаған қазақстандық дәл осындай жағдайда. Баспана үшін олар ресейлік мекемелерде еден жуып, қоқыс жинауға да дайын, - дейді Қазақстан ғарыш саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы.

Талғат  Жүсіп,  ҚР  Ғарыш саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы:

Қазақстанның азаматтары Байқоныр қаласында тұру мәселесі өте қиын. Біріншіден, пәтер бөлу жағымен сосын, мынау режимная комиссия дейды ғой, сол режимная комиссиядан өту өте қиын. Комиссияда бір қазақстандық лауазымды мүшесі жоқ. Бір жарым мың адам, Қазақстан азаматтары, Байқоныр ғарыш кешенінен қысқартуға түсейін деп жатыр. Қысқартылғаннан кейін сол азаматтардың өмірі қалай болады деген лауазымды бір кісі келіп бізге ашық айтып, кездескен емес осы күнге дейін.

Байқоңырда тұрақты тіркеуі, баспанасы бар азаматтардың да жағдайы мәз емес.  Ардагер Кеңшілік Көзембаев көпқабатты үйлердің әбден ескіріп,тозып кеткеніне алаңдаулы.

Кеншілік Көзембаев, Байқоңыр қаласының ардагері:

1987 жылдан бері бұл тамға ешқандай ремонт жасалған жоқ. Жаңа көрдіңіздер подъезді. Бұл арада горадминистрациядан кім тұрады, сол үйлердің подъезды жөнделеді, сол үйлердің төбесі жабылады. Ал халықтың тұратын үйлерінде ешқандай өзгеріс жоқ. Бұл жақта көптеген үйлер бос тұр.

Елбасының Байқоңырдағы арнайы өкілі Серік Қожаниязов та, шиеленіскен мәселенің көп екенін айтады. -Алайда-, дей келе, «дәстүрге» сай, қараңғылықтың бір бұрышынан «сәуле» көреді.

Серік Қожаниязов,  ҚР президентінің Байқоныр кенішіндегі арнайы өкілі:

Байқоныр қаласында Ресейдін юрисдикциясы жүреді, заңдылықтары сол Ресейдікі жүреді. Олар жұмыстан босатты, орнына бірақ жұмысты ұсынбайды. Біз енді сол Қармақшы, Төретам, Ақайда мектепте, балабақшаларда жұмысқа орналастырып жатырмыз. Жетпіске жуық адамды орналастырып, ал негізгі жұмыстарды істеуге қол байлау болып тұрған бүгінгі дейін жердің жоқтығы. Төретамда, Ақайда, керек десең, күре тамыр мынау жолымыз бар Батыс Еуропа-Батыс Қытай. Соның бойындағы жерлерге біз придорожный сервис дамытып, адамдарға жұмыс тауып берейік десек-ол да болмайды, ол жерлер арендада тұрған. Межправительственная комиссия 27 ноябрьде болған, сонда шешім қабылдадық - 11 мың 600 гектар жер  арендадан шығарылатын болды.

Президенттің арнайы өкілінің айтуынша, ресейліктерге тағы бір нақты ұсыныс жеткізіліпті. Қазақстан жалға беруші ретінде жалдаушымен бірге қаланың және ғарыш кешенінің дамуына, ішкі құрылымдарын жаңартуға қатыса алатынын баса айтыпты. Ондай әрекеттер үкіметаралық келісім-шартпен рұқсат етіледі.  Ресей тарапы әзірге нақты жауабын бермеген. Ал  қандай да бір шешім қабылданғанша, қазақстандық азаматтардың тұрақты тіркеусіз жүруден өзге амалы жоқ. Тұрғындар қаладағы бос тұрған көпқабатты үйлерді өз қаражаттарына жөндеп алуға да дайын. Алайда оған жергілікті биліктің рұқсаты керек. Үйлер бос тұр, қандастарымыз болса қаңғып жүр.

Шарипа Сақтапова, «Біздің уақыт».